Астрономдар Жерге ұқсас су бұлттары мен ауа райы құбылыстары бар аспан денесін зерттеді

11:04, 19 қазан 2026
MKZ: 1573087

© Сурет: magnific

Астрономдар соңғы бақылаулар нәтижесінде ғалымдарға көп жылдан бері белгілі WISE 0855 аспан денесінің бұрын болжанғаннан гөрі Жерге көбірек ұқсайтынын анықтады. Алайда техникалық тұрғыдан ол экзопланета емес, қоңыр ергежейлі саналады, деп хабарлайды Zakon.kz.

BGR басылымының жазуынша, WISE 0855 деп аталатын аспан денесінде су бұлттары бар. Олардың қалыңдығы уақыт өте өзгеріп отырады. Бұл онда ауа райына ұқсас құбылыстардың жүретінін көрсетеді.

WISE 0855 — Юпитермен шамалас қоңыр ергежейлі. Ол Жерден шамамен 7,5 жарық жылы қашықтықта орналасқан. Оның бейнесі 2010 жылы WISE (Wide-Field Infrared Survey Explorer) кең өрісті инфрақызыл телескопының көмегімен түсірілген. Ал аспан денесі 2014 жылы жиналған деректерді талдау барысында ресми түрде анықталған.

Алғашқы бақылаулар кезінде WISE 0855 шын мәніндегіден көгілдір болып көрінген. Бұған кескінге фондық нысандардан түскен сәулелердің әсері себеп болған.

Аризона университетінің Стюард обсерваториясының зерттеу тобы қоңыр ергежейліні Джеймс Уэбб ғарыш телескопының инфрақызыл құралдарының көмегімен 11 сағат бойы бақылаған.

Осы уақыт ішінде ғалымдар әр 15 минут сайын жарық спектрін тіркеп отырған. Осылайша, олар аспан денесіндегі өзгерістерді уақыт бойынша бақылауға мүмкіндік алған.

JWST телескопының көмегімен зерттеушілер WISE 0855 айналған сайын оның бұлттары бақылау аясында бірде пайда болып, бірде жоғалып отыратынын байқаған. Бұлттар уақыт өте өзгеріп отырған. Алайда мұндағы үдерістер Жердегі ауа райы құбылыстарынан біршама ерекшеленеді. Себебі аспан денесінің атмосферасы терең қабаттардан көтерілетін газдардан тұрады.

Дегенмен WISE 0855 тіршілік етуге қолайлы аспан денесі емес болуы мүмкін. Ол Жерден гөрі Юпитерге көбірек ұқсайды. Сонымен қатар WISE 0855 тәрізді қоңыр ергежейлілер нағыз планеталар қатарына жатқызылмайды.

Бұған дейін басқа аспан денелерінде де бұлттар бар екені анықталған. Мысалы, Марста түнгі уақытта бұлттар байқалады. Сондай-ақ атмосферасы металдардан түзілген аса ыстық бұлттарға толы планета да белгілі. Сондықтан WISE 0855-тегі бұлт жамылғысының ерекшеліктері жаңалықтың басты тұсы емес.

Зерттеудің негізгі маңызы — ғалымдар алғаш рет бұл аспан денесінде дәл су бұлттарының бар екенін растап қана қоймай, олардың көлемінің ұлғайып, кішіреюін де тікелей бақылай алған.

Бұған дейін Атлант мұхитында әлемнің бір бөлігін түбегейлі өзгертуі мүмкін үдерістер жүріп жатқаны хабарланған болатын.

 

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!