IX қысқы Азиада: Қазақстан құрамасының қоржынында 15 медаль бар

22:45, 12 ақпан 2025

© Сурет: olympic.kz

Қазақстан құрамасының қоржынында IX қысқы Азиаданың 12 ақпандағы жарыс күнінен кейін үш алтын, жеті күміс, бес қола медаль бар, деп хабарлайды Zakon.kz.

Қазақстандық спортшылар:

  • шорт-тректен бір алтын, екі күміс;
  • фристайл-акробатикадан бір алтын, бір күміс, екі қола;
  • биатлоннан бір алтын, бір күміс;
  • конькимен жүгіруден бір күміс, бір қола;
  • шаңғы жарысынан екі күміс, екі қола медаль жеңіп алды.

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов пен ҰОК президенті Геннадий Головкин Харбиндегі қысқы Азия ойындары аясында кешелі-бүгін ел қоржынына жүлде салған спортшылармен кездесті. Әңгіме барысында министр мен ҰОК президенті жерлестеріміздің қысқы Азия ойындарында қол жеткізген жетістіктерін айрықша атап өтті.

Мәселен, кеше фристайл-акробатикада бақ сынаған жерлестеріміз құрамында Бейжің Олимпиадасының чемпионы бар Қытай спортшыларын шаң қаптырып, тарихи алтын жүлдені жеңіп алса, биатлоншылар алғашқы екі орынды өзара бөлісіп, ел қоржынына бір алтын, бір күміс жүлде салған болатын. Одан бөлек, отандастарымыз конькимен жүгіру және шаңғыдан ерлер және әйелдер арасындағы командалық эстафета сайысында күміс пен қола жүлделер еншілеген еді.

Кездесу соңында Ербол Мырзабосынов пен Геннадий Головкин спортшыларды қысқы Азия ойындарында жеңіп алған жүлделерімен құттықтап, алдағы бәсекелерде сәтті өнер көрсетуіне тілектестік білдірді.

 

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!