Жүргізушілерге жаңа ережелер: электросамокат, жылдамдық және ЖКО мәселесі қаралды
© Фото: primeminister.kz
2026 жылғы 20 сәуірде Премьер-министр Олжас Бектенов төрағалығымен құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысы өтті. Онда Президенттің "Заң және тәртіп" тұжырымдамасы аясында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары қаралды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің баспасөз қызметі берген мәліметке сай, Ішкі істер министрі Ержан Саденов, көлік министрі Нұрлан Сауранбаев баяндама жасады, сондай-ақ Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек, Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды және Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров тыңдалды.
ІІМ мәліметінше, жыл сайын жол-көлік оқиғаларынан (ЖКО) 40 мыңға жуық адам жарақат алады, ал қаза тапқандар саны шамамен 2,5 мың адамды құрайды. 2025 жылы еліміздің жолдарында қаза тапқандар саны 10%-ға, 2026 жылдың басынан бері 4%-ға төмендеді.
Ержан Саденов апаттардың негізгі себептері: көлік жүргізу тәртібінің нашарлығы, жол инфрақұрылымының жай-күйі, әсіресе қыс мезгілінде және автокөліктердің техникалық жағдайы екенін хабарлады. Орташа жылдамдықты қадағалау жүйелерімен қамтуда проблема бар: жабдықтар жеткіліксіз. ЖКО-лар үлесі әсіресе елді мекендерде жоғары болып қалуда, олар барлық апаттардың 84%-ын құрайды. Жүргізушілердің жеке тәртібі нашар – ЖКО-лардың 90%-ы солардың кінәсінен болатыны атап өтілді. Жыл басынан бері 3 млн-нан астам Жол қозғаласы ережесін (ЖҚЕ) бұзу дерегі анықталды, 5,5 мың жүргізуші мас күйде ұсталды.
Жол апаттарын азайту және қозғалыс қауіпсіздігін арттыру мақсатында Қазақстанда цифрлық шешімдер енгізілуде. Республика жолдарында 60%-дан астам заңбұзушылықтарды тіркейтін 30 мыңға жуық камера жұмыс істеп тұр. Орташа жылдамдықты бақылау жүйесі енгізіліп, бейнебақылау желісі кеңейтілуде. Сонымен қатар, "жасырын" патрульдеу дамуда. Оған қосымша көліктің техникалық жай-күйін және техникалық байқаудан өтуін бақылау күшейтілуде.
ІІМ газ баллон жабдығы бар көлікті тексеруге қойылатын талаптарды күшейтуді, сондай-ақ жүк және жолаушылар көлігін міндетті жарық шағылыстыратын таңбасы болмаса техникалық байқауға жіберуге тыйым салуды ұсынып отыр.
Жол инфрақұрылымын жаңарту бойынша жұмыстар жүргізілуде, олар – жолақтар, жол белгілері, жарықтандыру жабдықтары және жаяу жүргіншілер өткелдері. Қала сыртындағы трассаларда тәуліктің қараңғы уақытында және қолайсыз ауа-райы жағдайында көрінуді арттыратын лазерлік жүйелер енгізілуде, мұндай шешімдер бүгінде 11 өңірде 22 учаскеде қолданысқа берілді.
Ішкі істер министрі 2026 жылдың 1 шілдесінен бастап электр скутерлерді пайдалануға қосымша талаптар енгізіліп жатқанын хабарлады. Онда жауапкершілікті міндетті сақтандыру және кикшеринг компанияларға қойылатын талаптарды қатаңдату қарастырылған.
Премьер-министр әкімдіктерге қысқа мерзімде электр скутерлердің тұрақ орындарын анықтауды және тиісті инфрақұрылым құруды, яғни қозғалыс үшін тыйым салынған тиісті жол белгілері бар аймақтарды белгілеуді, өңірлік жоспарларда веложолдарды дамытуды қарастыруды тапсырды.
Көлік министрлігінің ІІМ-мен бірлесіп жүзеге асырып жатқан ЖКО-ның алдын алуға, ауыр салдарын төмендетуге және қауіпсіз жол ортасын қалыптастыруға бағытталған шаралары туралы Нұрлан Сауранбаев баяндады.
Жол желілерін жаңғырту шеңберінде соңғы 5 жылда 11 мың шақырым жол немесе еліміздегі жолдардың жалпы ұзындығының 45%-ы I және II техникалық санаттарға ауыстырылды, бұл қарама-қарсы бағыттарды бөлу және жүру бөлігін кеңейту есебінен қауіпсіздік деңгейін арттырды. Транзиттік көліктер елді мекендерге соқпауы үшін 65 айналма жол және 38 жерүсті жаяу жүргіншілер өткелі салынды. 2030 жылға дейін тағы 2 мың шақырым жолды ауыстыру жоспарлануда, олардың кейбірі бойынша жұмыстар басталды.
Сонымен қатар, жолаушылар тасымалы нарығын реттеу бойынша да жұмыстар жүргізілуде. ІІМ-мен және такси агрегаторларымен бірлесіп тасымалдау процесінен рөлі оң жақта орналасқан 63 мыңға жуық автомобиль шығарылды. Ал бұрын рөлі оң жақта болған, яғни қайта жабдықталған автокөліктерді таксиде пайдалануға тыйым салуды, сондай-ақ тасымалдаушылар мен жүргізушілерді бақылау үшін агрегаторлардың жауапкершілігін күшейтуді көздейтін заңнамалық түзетулер әзірленуде.
Сондай-ақ Премьер-министр Алматыда Әл-Фараби даңғылындағы үш адамның өмірін қиған көлік апатына қоғамда үлкен наразылық тудырғанын атап өтіп, қала әкімі Дархан Сатыбалдыға жол-көлік апаттарының санын азайту үшін қосымша шаралар қабылдауды тапсырды.
Алматы қаласында жол қозғалысын автоматты түрде тіркеу жүйелері кеңейтілуде және трафикті басқарудың интеллектуалды жүйелері енгізілуде, оның ішінде бағдаршам нысандары мен реттелетін жаяу жүргіншілер өткелдері бойынша жобалар жүзеге асырылуда.
Қорытындылай келе, Премьер-министр кейбір көрсеткіштердің төмендегеніне қарамастан, жолдардағы жағдай қауіпсіздікті арттыру бойынша қосымша шаралар қабылдауды талап ететінін атап өтті. Өйткені алда жазғы демалыс маусымы жақындап келеді, бұл халық қозғалысының артуына және тиісінше жол-көлік оқиғалары қаупінің жоғарылауына әкеледі.
Премьер-министр азаматтардан келіп түскен шағымдарға байланысты электрлі велосипедтер мен мопедтер жүргізуді реттеуге бақылауды күшейтуге назар аударды. ІІМ мәліметі бойынша, аталған көлік құралдарының жүргізушілері жол қозғалысы ережелерін сақтауға және жүргізуші куәлігін алуға міндеттелді.
"Көлік тәртібі пен жүргізуші мәдениетін арттыру үшін тұрақты түрде жұмыс жүргізуі. Жуырда Мемлекет басшысы ғалымдарды марапаттау рәсімінде бұл мәселеге тағы бір рет назар аударды. Жүргізушілер ережелерді тек камералардың "бақылау аймағында" ғана емес, үнемі сақтау керектігін біржола түсінуге тиіс. Елордада "жасырын" патрульдеу тәжірибесі сәтті қолданылуда. Белгілі бір нәтиже бар. Қалған өңірлерге де бұл тәжірибені енгізу керек",— деп атап өтті Олжас Бектенов.
Премьер-министр тиісті министрліктер мен әкімдіктерге бірқатар тапсырма берді:
Ішкі істер, Оқу-ағарту, Мәдениет және ақпарат министрліктері, әкімдіктер жол қозғалысы мен қауіпсіздік ережелерін сақтау бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтсін. Әсіресе, мектеп демалысы қарсаңында мектеп оқушылары мен ата-аналармен бұл жұмысты күшейту қажет.
Көлік министрлігі автокөліктерді техникалық тексеруден өткізу жүйесін, оның ішінде Ішкі істер министрі айтқан ұсыныстарды ескере отырып, өзектендіруі керек.
Орташа жылдамдықты бекіту оң нәтиже бергені атап өтілді. Бұл орайда тек ақылы республикалық трассалармен шектелудің қажеті жоқ екені баса айтылды. Көлік министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, аймақтық жолдарға тиісті камераларды орнату мәселесін шешу тапсырылды.
Сонымен қатар жол-көлік оқиғаларының шамамен 80%-ы елді мекендерде орын алады. Зардап шеккендердің төрттен бірі – жаяу жүргіншілер. Елді мекендерде қауіпсіз көлік инфрақұрылымын құру қажеттігіне баса назар аударылды.
Өңір әкімдіктеріне реттелетін жаяу жүргіншілер өткелдері санын арттыру, қоршаулар мен жарықтандыру орнату, сондай-ақ жол белгілерінің сапасын қамтамасыз ету тапсырылды.
Источник: zakon.kz
Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!
Тағы да оқыңыздар:
-
18:38, 20 сәуір 2026
Семейде кәмелетке толмаған қыздарға әдепсіз мінез көрсеткен ер адам анықталды
-
18:21, 20 сәуір 2026
Алматыдағы Сайран көліне су жинала бастады – фоторепортаж
-
18:07, 20 сәуір 2026
Қазақстан хоккейден жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында екінші жеңісіне қол жеткізді
-
17:54, 20 сәуір 2026
Қазақстандағы үшінші және төртінші АЭС қандай болуы мүмкін екені белгілі болды
-
17:41, 20 сәуір 2026
Қазақстан белгіленген мерзімде АЭС салып үлгере ме – профильді агенттік түсініктеме берді





