«Жетісу Граниттің» 40-шақты жұмысшысы 2 жыл бойы жалақы ала алмай жүр

16:43, 14 қыркүйек 2020

Алматы облысындағы гранит өндіретін кәсіпорында еңбек еткен 40 шақты адам 2 жыл бойы жалақысын ала алмай жүр. "Жетісу-гранит" серіктестігі оларға 22 млн теңгедей қарыз екен. Осы күнге дейін 3 сот отырысы өтіп, үкім жұмысшылардың пайдасына шешілген. Алайда, компания құрғақ уәдемен қатырып, берешектерін бермей жүр, деп хабарлайды zakon.kz Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.

Наталья Шокарева, текелі қаласының тұрғыны:

Қазіргі күні жалақы бойынша компания қарызы 22 млн теңге. 35-ке жуық адам еңбекақысын ала алмай отыр. 2018 жылдан бері қолымызда сот шешімі болса да, ақшамызды әлі күнге ешкім өндіріп бермеді. Ешқандай нәтиже жоқ.

Бұл азаматтардың барлығы "Жетісу-Гранит" серіктесігінен 2 жыл бойы маңдай тер ақысын өндіре ала алмай келеді. Алды, екі жарым млн, арты 300-400 мың теңгесін даулап жүр. "Ал, 50-60 мың теңгеге бола бас қатырмай, қолдарын бір сілтегендер де қаншама" дейді жұмысшылар.

Евгений Балгеймер, текелі қаласының тұрғыны:

Маған 980 мың теңге қарыз. 2 жыл 7 айдың ақшасы төленбеді. Оның үстіне, зейнетақы қорына да ақша аудармаған. Жақында білдім. Қазір өзім жұмыссызбын. Табыс көзі жоқ. Қарызға да белшемнен баттым. Ешкім ақша бермейді. Жалғыз өзім балаларымды асырау керекпін.

Жұмысшылардың айтуынша, кәсіпорын басшылығы 1 жылдың ішінде 3-4 айдың ғана ақшасын төлеп отырған. Оның өзінде толық бермей, түрлі сылтаумен үміттендіріп қойған көрінеді. "Осылайша, уақыт созып жүрді, ақырында, жұмыстан кеттік" дейді ашынған жұрт. Ал 2018 жылы "Жетісу Гранит" серіктестігі өз қызметін тоқтатқан екен. Алайда, жұмысшылар алдында берешегі бар компания осы күнге дейін банкрот деп те жарияланбаған.

Ольга Зайцева, "Жетісу-гранит" ЖШС бухгалтері:

2018 жылдың 13 қыркүйегінде кәсіпорын қызметін тоқтатты. Бірақ, жұмысшылар алдындағы берешегін өтеген жоқ. Менің өзім осы мекемеде есепші болып әлі күнге тіркеліп тұрмын. Маған да айлық бойынша, екі жарым млн теңге қарыз. Жұмысшылар облыс әкімі Амандық Баталовтың қабылдауында болғаннан кейін, басшылық ақшаны өтеп бермек болған. Маған 2 млн теңге ғана жіберіпті. Оны қалай жеткізерімді білмей, аз аздан болса да жұмысшыларға бөліп бердім.

Кәсіпорын есепшісі журналистердің көзінше компанияның жауапты өкіліне телефон шалып көрді.

"Вот здесь значит стоить телевидение. Все работники. Они хотят услышить когда у нас будут исполнение тех ваших обещании? Ммм... Сегодня будем платить. Выплачивать, хорошо! Все давайте!".

Бүгін төлеп береміз деп, қысқа қайырған компания өкілінің жауабына жұмысшылардың дені қанағаттанбаған сыңайлы. Өйткені, есепшінің сөзінше, сот шешіміне сәйкес, тек 17 адамның алдындағы 4,5 млн теңгедей қарыз ғана өтелмек. Ал, қалғандарының жалақысы қашан төленетіні белгісіз.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!