Жаңа ашылған бизнеске алғашқы үш жылда қысым жасамау ұсынылды

12:48, 13 қараша 2026
MKZ: 1577565

© Фото: freepik

Аутсорсинг бағытының жетекшісі, І санатты салық кеңесшісі Ульвия Касумова 2026 жылғы 13 қарашада Астанада өткен Салық форумы аясында шағын және орта бизнестің жағдайын жақсартуға қатысты ұсыныстарын айтты, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.

Оның сөзінше, жыл басынан бері 400 мыңға жуық жеке кәсіпкер қызметін тоқтатқан.

"Бұл бизнестің қиындықтарға төтеп бере алмай жатқанын көрсетеді. Біз шағын және орта бизнестің жұмыс істеп, дамуына қолайлы жағдай жасалғанын қалаймыз. Қазіргі жағдайда олардың ахуалын одан әрі қиындатпау керек", – деді Касумова.

Оның пікірінше, жаңадан ашылған бизнеске алғашқы жылдары қысым жасамаған жөн. Бұл кәсіпкердің нарықта орнығып, дамуына және кейін тиісті салықтарды төлеуіне мүмкіндік береді.

"Менің басты ұсынысым – жаңадан ашылған бизнеске кем дегенде алғашқы үш жылда тиіспеу. Бізде ұйым ашыла салысымен жан-жақтан қыспаққа алынады. Ең маңыздысы, кәсіпкер кәсібін бастағаннан кейін үш жыл бойы ешкімнің қысымынсыз, алаңсыз жұмыс істей алатынын білуі керек. Сонымен қатар салық мөлшерлемелерін де саралау қажет. Жаңа ашылған бизнеске неге еркін жұмыс істеуге мүмкіндік бермеске? Салықтық шегерімді қайтарып, жеңілдетілген салық режимін қолдануына және дамуына жағдай жасау керек", – деді маман.

Касумова кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге мораторий енгізу туралы ұсынысқа да пікір білдірді.

"Кем дегенде шағын және орта бизнеске салықтық тексеру жүргізуге мораторий енгізу қажет деп санаймын. Өйткені 2026 жыл олар үшін өте күрделі болды. Біріншіден, цифрландыру аясында көптеген ақпараттық жүйе енгізілді. Шағын және орта бизнес өкілдері олардың жұмысын әлі толық меңгеріп үлгерген жоқ. Көптеген маман да өзгерістерге бейімделіп үлгермеді. Сондықтан мораторий енгізілсе дұрыс болар еді. Ең болмаса, қандай да бір бұзушылық анықталғанның өзінде айыппұл салмай, өсімпұл есептемеген жөн. Ал мұндай бұзушылықтар көп болуы мүмкін", – деп қосты кеңесші.

Бұған дейін Мемлекет басшысы 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап шағын және орта бизнесті тексеруге үш жылдық мораторий енгізу мәселесін талқылауды ұсынғанын жазған едік.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!