Түркістан облысында полиция 4 жыл бұрын жоғалған қызды іздеп тапты

16:23, 28 қаңтар 2025

© Фото: pexels

Түркістан облысының полицейлері 4 жыл бұрын жоғалып кеткен қызды тауып, анасымен қауыштырды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Түркістан облысы Төлеби аудандық полициясы осыдан 4 жыл бұрын із-түссіз жоғалған жас қызды үздіксіз іздеу нәтижесінде аман-есен тауып, анасымен қауыштырды.

Нақтырақ айтсақ, 2021 жылдың жаз айында жергілікті тұрғын полицияға 16 жастағы қызының жоғалғанын айтып, арызданған.

Ақпарат алысымен тәртіп сақшылар барлық қажетті тергеу әрекетін атқарған. Бірнеше жыл өтсе де тұрғынның арызы негізінде іздеу ісі жалғасып, нәтижесінде 2025 жылдың қаңтар айында бір-бірінен көз жазып қалған анасы мен қызының кездесуіне ықпал етті.

Әйел қуаныштың көз жасын жасыра алмады.

"Қызымнан хабарсыз қалып, нендей жағдайда екенін біле алмай жүрген күндер артта қалды. Көп рақмет сіздерге. Арасында өздеріңізге де сенімсіздік білдірген едім, бүгін міне үмітім ақталып отыр. Сіздерге алғысым шексіз", – деген анасы көңілдегі шынайы ризашылығын жеткізді.

Полиция жас қызды Алматы қаласындағы тамақтану орындарының бірінде жұмыс жасап жүрген жерінен тапқан. Бүгінде қыздың осынша уақыт қайда, не себеппен хабарсыз кеткенін анықтау шаралары жүргізіліп жатыр. Полицейлер осы жайт бойынша мұқият тергеу жүргізіп, оқиғаның толық мән-жайын анықтайтын болады.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!