Тоқаевтың төрағалығымен үкіметтің кеңейтілген отырысы: мәтіндік трансляция

10:53, 28 қаңтар 2025

© Фото: akorda.kz

2025 жылдың 28 қаңтарында президент Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтіп жатыр, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ақордада бұрын айтылғандай, отырыс барысында еліміздің 2024 жылға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары шығарылып, үкіметтің алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттері тұжырымдалады.

Күн тәртібіне сәйкес, жиында Премьер-Министр Олжас Бектенов, Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғарин, Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов, "Самұрық-Қазына" АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек, Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков, Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев баяндама жасайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев:

"Бүгін біз Үкіметтің кеңейтілген отырысында өте өзекті мәселелерге тоқталамыз. Себеп – бәрімізге белгілі. Қазір дүние жүзі түбегейлі өзгеріске ұшырап жатыр. Жаһандық үдерістер, ең алдымен, еліміздің экономикалық ахуалына әсерін тигізетіні анық.

Жаппай цифрландыру дәуірі, яғни жаңа технологиялық кезең басталды. Күллі әлем мүлдем басқа жағдайда өмір сүреді. Біз соған міндетті түрде дайын болуымыз керек. Жаңа технологиялық ахуалға сақадай сай тұруымыз қажет. Бұл – еліміздің бәсекеге қабілетін арттырып, тұрақты дамуына жол ашатын аса маңызды фактор.

Үкімет пен әкімдердің жұмысы қаншалықты тиімді екенін алдымен экономиканың даму көрсеткіштері мен азаматтардың тұрмыс сапасына қарай бағалаймыз. Осы жұмыстың нәтижесі былтыр қандай болды? Негізгі міндеттер орындалды ма? Бүгін осы сұрақтарға тоқталамыз және жақын арада шешімін табуға тиіс өзекті мәселелерді талқылаймыз".

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!