Тоқаев: Қазақстан Парламенті Цифрлық кодекс және Жасанды интеллект туралы арнайы заң қабылдады

19:01, 29 шілде 2026
MKZ: 1558678

© Сурет: zakon.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өтіп жатқан "Болашақ ойындары – 2026" сайысының ашылу салтанатында сөз сөйлеп, қазір бүкіл әлемде түбегейлі өзгерістер болып жатқанын баса атап өтті, деп хабарлайды Zakon.kz.

"Қазір бүкіл әлемде түбегейлі өзгерістер болып жатыр. Озық технологиялар барлық салаға еніп, адамдардың тұрмыс-тіршілігіне ықпалын тигізуде. Жаңа дәуірдің талаптарына сай болу үшін біз толық цифрланған мемлекет құруға кірістік. Қазақстан Парламенті Цифрлық кодекс және Жасанды интеллект туралы арнайы заң қабылдады. Бұл заңдар осы аса маңызды саланың дамуына үлкен серпін берді. Басқаша айтсақ, бұл қадам еліміздің озық мемлекеттер қатарына қосылуының айқын дәлелі болды. Бірінші шілде күні еліміздің жаңа Конституциясы заңды күшіне енді. Бұл халқымыз үшін тарихи оқиға болды деп айтсақ, артық емес. Бас құжатта еліміздегі жасанды интеллектінің жоғары қарқынмен дамуына және азаматтардың цифрлық әлемдегі құқығын қорғауға нақты кепілдік берілді. Бұл – шын мәнінде, бұрын-соңды болмаған, яғни өркениетке қарай жасалған озық қадам". Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев

Президент Қазақстан 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялағанын айтты.

"Осылайша, цифрлық болашаққа нық сеніммен аяқ бастық. Бұл – мемлекетіміздің алдында тұрған аса маңызды стратегиялық мақсат. Осы міндетті біз бәріміз біртұтас қоғам ретінде табысты іске асыруымыз қажет. Сондықтан қазір елімізде жаңа заманға қажетті мамандар даярлау ісі тұрақты түрде жүзеге асырылып жатыр. Қазақстанда AI-Sana мемлекеттік бағдарламасы арқылы қазірдің өзінде жүздеген мың азамат тиісті құзыреттер мен дағдыларды меңгерді. Биыл күзде Астанада Жасанды интеллект университеті ашылады. Елімізде нейрожелінің көмегімен түсірілген фильмдердің халықаралық фестивалі өтеді. Сондай-ақ келесі жылы елордамызда Халықаралық киберспорт федерациясының қолдауымен әлемдік дода ұйымдастырылады. Бұл – Қазақстанда іске асып жатқан ауқымды бастамалардың бір бөлігі ғана". Қасым-Жомарт Тоқаев

Оның айтуынша, бүгін елордамызда, шын мәнінде, ерекше іс-шара өтіп жатыр.


"Бұл – спорт пен интеллектінің үйлесімі, сонымен қатар күш-қайрат пен зияткерлік әлеуеттің бәсекесі. Олар арасында қарама-қайшылығы жоқ, керісінше бір-бірін толықтыратын ұғымдар екеніне көзіміз жетіп отыр. Алдағы сайыстардың түпкі философиялық мәні де – осында. Осынау жаһандық ауқымдағы ойындар барша адамзаттың жарасымды әрі бейбіт болашағын айшықтайды. Қазақстан қашанда халықаралық қауымдастықпен бірге бейбітшілікті, қауіпсіздікті, әділеттілік пен дамуды қолдай береді", - дейді президент.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!