Президент: Бұл турнир елдеріміздің арасындағы ынтымақтастықтың «алтын көпіріне» айналады деп сенемін

19:07, 29 шілде 2026
MKZ: 1558680

© Сурет: zakon.kz

"Болашақ ойындарында" спорттың күш-қуаты, ақыл-ой мен цифрлық дәуірдің орасан әлеуеті үйлесім тауып, баршамызға ортақ жасампаздық ұстанымымен толық үндеседі. Бұл турнир кереғар дүниелерді бір арнаға тоғыстырады". Осылай деген президент "Болашақ ойындары – 2026"сайысын ашық деп жариялады.

Бұл туралы 2026 жылы 29 шілдеде Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

"Оның негізінде шынайы және виртуалды әлем арасындағы ақылға қонымды тепе-теңдік жатыр. Бүгін осы аренаға негізінен жастар жиналып отыр. Сіздер білімді, талантты, еңбекқор, талапты болсаңыздар, болашақтың іргетасы бекемделе түсетіні анық. Алда өздеріңізді биік белестерге бастайтын соқтықпалы-соқпақсыз жол күтіп тұр. Ой-пікірі ортақ, мүддесі бір, сенімді серіктер жандарыңыздан табылғанда ғана бұл жолды еңсеру оңай болмақ. Ойынға қатысушылардың әрқайсысы тыңғылықты дайындықтан өтті. Олар өз командаларының намысын абыроймен қорғауға әзір. Сіздер "жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар" шығып, жаңа достар тауып, келешегі зор жобаларды бірлесе қолға аласыздар деп сенемін. Себебі, "Болашақ ойындарының" басты миссиясы – адамдарды жаңа жетістіктер жолында жұмылдыру және жігерлендіру. Үлкен спорт қай кезде де әртүрлі мәдениеттерді тоғыстырып, мемлекеттер мен халықтар арасын жақындатуға себепкер болған. Сондықтан жаһандық сын-қатерлер өршіп тұрған жағдайда осындай бірегей жобалардың мән-маңызы арта түсетіні анық. "Болашақ ойындары" елдеріміздің арасындағы ынтымақтастықтың, достық пен келісімнің "алтын көпіріне" айналады деп сенемін". Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев

Сөз соңында президент осы тамаша спорт мерекесін өткізуге атсалысқан барша азаматқа шынайы ризашылығын білдірді.


"Ұйымдастырушыларға, серіктестерге, төрешілер мен бапкерлерге, тиісті мамандарға және еріктілерге алғыс айтамын. Бұл ойындар халықтарымыздың тамыры терең достығын бекемдейді, береке-бірлігін арттыра түседі деп сенемін. Спортшыларға сәттілік тілеймін! Біз сіздерден тартысты ойын күтеміз. Ендеше, "Болашақ ойындары – 2026" сайысын ашық деп жариялаймын", - деді Мемлекет басшысы.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!