Шынымен арандатудың құрбаны ма: Атыраудағы «Эмбамунайгаз» менеджерінің ісі қалай өрбіп жатыр

10:14, 12 қаңтар 2026

© Сурет: emba.kz

Атырау қаласында "Эмбамунайгаз" АҚ бас директорының коммерциялық мәселелер жөніндегі орынбасары Ильяс Құрамысовқа қатысты іс бойынша апелляциялық сот полиция тарапынан арандату болғанын мойындады. Алайда соған қарамастан, оған бұрын тағайындалған әкімшілік жаза өзгеріссіз қалдырылды.

"Ақ Жайық" басылымының жазуынша, Ильяс Құрамысов 15 желтоқсанда Атырауда көлікті мас күйінде басқарды деген күдікпен ұсталған. Іс материалдарына сәйкес, ол "сау жүргізуші" қызметін пайдаланғанымен, тұрғын үй кешенінің паркингіне өзі кіріп кеткен. Сол жерде оны патрульдік полиция тоқтатқан. Медициналық сараптама оның жеңіл дәрежеде алкогольдік масаң күйде болғанын анықтаған.

Сол күні Атырау қаласының әкімшілік сотының судьясы Алмагүл Ерғазиева Құрамысовқа 15 тәулікке әкімшілік қамау және 7 жылға жүргізуші куәлігінен айыру жазасын тағайындады. Айыпталушы өз кінәсін мойындаған жоқ. Қорғау тарапы істі қарауды тоқтатып, дәлелдер мен бейнежазбаларды жинауға уақыт беру туралы өтініш білдіргенімен, сот оны қанағаттандырмады.

Алайда адвокат Тілек Хамитовтың айтуынша, Полицияның жедел басқару орталығынан және "Арман" тұрғын үй кешенінің бейнебақылау камераларынан алынған жазбалар қорғау тарапының уәжін растап, полиция тарапынан арандату болғанын көрсетеді.

Адвокаттың сөзінше, "сау жүргізуші" көлікті паркингке кіргізуден бас тартып, машинаны кіреберістің алдында қалдырған. Құрамысов көлік ішінде қалып, жүрек тұсы ауырған соң ұйықтап кеткен. Сол уақытта полиция қызметкерлері оны бақылауда ұстаған болуы мүмкін: көп ұзамай штаттық киімдегі бір адам қозғалмай тұрған BMW көлігін "тексеріп", кейін полиция көлігіне отырып кеткен. Кейін оның патрульдік экипажға бекітілген мобилограф екені белгілі болды.

Одан кейін тағы бір адам келіп, шаммен көлікке жарық түсіріп, терезені қағып, Құрамысовты оятқан да, жүгіріп полиция көлігіне қайта барған. Құрамысовтың айтуынша, ол да азаматтық киімде болған, бірақ бейнежазбада полиция формасына тән шағылыстырғыш жолағы бар шалбар анық көрінеді. Сол адам Құрамысовтан жолды босату үшін көлікті 15–20 метрге жылжытуды сұраған. Бұған себеп ретінде "Атырау облысы Су Арнасы" көлігі өтуі керек екенін айтқан. Ал бір минуттан кейін екі бірдей патрульдік экипаж Құрамысовтың артынан тұрғын үй кешенінің паркингіне кіріп келген.

26 желтоқсанда апелляциялық сот бейнематериалдарды зерттеп, оқиғаға қатысушылардың түсініктемелерін тыңдай отырып, полиция қызметкерлерінің әрекеттерін заңсыз әрі құқықбұзушылыққа арандату деп таныды. Судья Тәтті Уәлиева Атырау облысы Полиция департаментінің басшылығына қатысты жеке қаулы шығарып, "тиісті шаралар қабылдауды" міндеттеді.

Соған қарамастан, 15 желтоқсанда шығарылған әкімшілік соттың қаулысы күшінде қалдырылды.

Адвокаттың айтуынша, қазіргі таңда кассациялық сот төрағасының атына істі қайта қарау туралы ұсыныс енгізу жөнінде өтінішхат берілген. Сонымен қатар, полиция қызметкерлерін қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту мақсатында прокуратураға арыз беру мәселесі қарастырылып жатыр.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!