Саясаттанушы: Ақорда алдын ала әрекет етіп, ел үшін ең тиімді сценарийді қалыптастырып келеді

15:16, 9 шілде 2026

© Фото: akorda.kz

Конституциялық соттың шешімін көпшілік кезекті саяси қадам ретінде қабылдады. Алайда саясаттанушы Марат Шибұтовтың пікірінше, бұл ауқымды стратегиялық жоспардың бір бөлігі. Оның айтуынша, Ақорда стратегиялық бастаманы өз қолында ұстап, елдегі саяси күн тәртібін өзі қалыптастыруда.

Белгілі қазақстандық саясаттанушының айтуынша, егер Қазақстан басшылығының соңғы бір жылдағы әрекеттеріне жүйелі түрде талдау жасалса, Ақорданың өзіндік жұмыс стилі айқын көрінеді. Бұл өз жоспарларын құпия сақтап, қоғам мен сарапшыларға келесі қадамын алдын ала болжауға мүмкіндік бермейтін басқару тәсілі.

"Конституциялық соттың шешімі – кейбір сарапшылар айтып жүргендей жай ғана саяси айла емес. Бұл – Ақорданың ұзақ мерзімді стратегиясының бір бөлігі", – деді Марат Шибұтов.

Оның пікірінше, Қазақстанның қазіргі тарихында алғаш рет билік оқиғалардың соңынан еріп отырған жоқ. Керісінше, өзі бастама көтеріп, саяси үдерістердің бағытын өзі айқындап келеді.

"Стратегиялық бастама үнемі Ақорданың қолында. Ал қалғандары тек оның кезекті қадамдарын талқылап үлгереді", – деді саясаттанушы.

Шибұтовтың айтуынша, осы уақыт ішінде биліктің жоспарлары туралы ешқандай ақпарат алдын ала жария болған емес. Тіпті олардың келесі қадамын дәл болжай алған адам да болмаған.

Саясаттанушы бұған бірнеше мысал келтірді.

Оның айтуынша, өткен жылдың қыркүйегінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев күтпеген жерден парламенттік реформа туралы жариялады. Қоғам бір палаталы Парламентке көшу мәселесін қызу талқылай бастаған кезде Мемлекет басшысы тағы бір жаңа бастама көтеріп, вице-президент институтын енгізуді ұсынды. Ал кейін жаңа Конституция қабылдау туралы бастама көтеріп, бұл жолы да қоғамды күтпеген шешімімен таңғалдырды.

Марат Шибұтовтың пікірінше, мұндай шешімдердің барлығы кездейсоқ қабылданған жоқ.

"Бұл қадамдардың бәрі мемлекет басшысының стратегиялық ойлау қабілетінің нәтижесі. Ол ішкі және сыртқы жағдайларды дәл есептеп, Қазақстанның оқиғалардың жетегінде кетпей, өзі үшін ең тиімді бағытты қалыптастыруына жағдай жасап келеді", – деді саясаттанушы.

Оның айтуынша, осы реформалардың ең маңызды кезеңі – жаңа Конституцияның қабылдануы болды. Марат Шибұтов жаңа Конституцияның авторы президент Қасым-Жомарт Тоқаев екенін айтты.

Саясаттанушының сөзінше, мемлекет басшысы тек осы реформаның бастамашысы ғана емес, Конституция мәтінін әзірлеуге де тікелей қатысқан.

"Президент шетелдік қонақтарға да, жақын қызметтестеріне де Конституция мәтінін, оның ішінде кіріспесін (Преамбуласын) талай ұйқысыз түнде өзі отырып жазғанын бірнеше рет айтқан", – деді ол.

Сонымен қатар Марат Шибұтов реформаларды жүзеге асыру үшін нақты міндеттер бөлініп, тиімді жұмыс тетігі құрылғанын атап өтті.

Оның айтуынша Ерлан Қарин Конституцияның мазмұнын халыққа түсіндіру және оны насихаттау жұмыстарын үйлестірді, Эльвира Әзімова құқықтық мәселелерге жауапты болды, Аида Балаева қазақстандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарындағы ақпараттық жұмыстарды, сондай-ақ өңірлердегі түсіндіру науқанын ұйымдастырды. Жалпы үйлестіруді Президент Әкімшілігінің қызметкерлері жүзеге асырды. Солардың ішінде ерекше көзге түскен Ержан Жиенбаев кейін Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары қызметіне көтерілді.

Саясаттанушының пікірінше, дәл осы үйлесімді командалық жұмыстың, мемлекеттік аппараттың жоғары ұйымдасқан әрекетінің, икемділіктің және алдын ала әрекет ете білу қабілетінің арқасында Ақорда күрделі ішкі реформаларды жүйелі түрде жүзеге асырып қана қоймай, әлемдегі тұрақсыз геосаяси жағдай кезінде де өз ұстанымын сенімді сақтап келеді.

Сөз соңында Марат Шибұтов Ақорданың кезекті саяси қадамы Қазақстандағы мемлекеттік биліктің президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төңірегіне топтасқанын тағы бір мәрте көрсеткенін айтты.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!