Президент Үкімет пен бақылаушы органдарға 24 қарашаға дейін уақыт берді
© Сурет: akorda.kz
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен бақылаушы органдарға сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылықтарды барынша азайту және квазимемлекеттік сектордағы жұмыс сапасын жақсарту жөнінде ұсыныстар әзірлеуді тапсырды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Президент Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысында жоғары лауазым үлкен жауапкершілік жүктейтінін атап өтті. Оның айтуынша, қызметіне, еңбегіне немесе байланыстарына қарамастан, заң талаптары бәріне ортақ.
"Қоғамымызда атқаратын лауазымына, сіңірген еңбегіне не болмаса тамыр-таныстарына, соның ішінде туыстық байланыстарына қарамастан, ешкім де заңнан аттап кете алмайды. Бұл – мен үшін мызғымайтын, яғни өзгермейтін ұстаным", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы соңғы уақытта кейбір келісімдер мен шарттар қайта қаралғанын айтты. Ол бұл құжаттарға қол қоюды қате шешім деп санайтынын жеткізді. Сонымен бірге биліктің кәсіпкерлерге кедергі келтіру ниеті жоқ екенін атап өтті.
"Бірақ биліктің кәсіпкерлерге кедергілер, тосқауылдар жасайтын ойы да, ниеті де жоқ. Керісінше, біз оларға әрдайым жан-жақты қолдау көрсетіп жатырмыз және алдағы уақытта да солай болады", – деді Президент.
Тоқаев келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап шағын кәсіпкерлікті тексеруге тағы үш жылдық мораторий жариялау туралы тапсырма бергенін еске салды. Оның сөзінше, "Заң мен Тәртіп" құқықтық стратегиясы әділеттілік қағидаты мен заң талаптарына сай көмекке мұқтаж азаматтар мен кәсіпорындарға қолдау көрсетуді көздейді.
Президент қалыптасқан жағдайға қарамастан, "Самұрық-Қазына" қоры мен мемлекеттік компаниялардың, соның ішінде "Қазақстан темір жолының" жұмысы үздіксіз жалғасатынын мәлімдеді. Оларға қарасты барлық мекеме қалыпты тәртіппен жұмыс істеп жатыр.
"Керісінше, жемқорлыққа қарсы жүргізіліп жатқан күрес инвесторлар мен несие берушілердің аталған институтқа деген сенімін арттырып, олардың мейлінше тиімді, ашық және жемісті жұмыс істеуіне мүмкіндік береді деп санаймын", – деді Мемлекет басшысы.
Тоқаев Бас прокуратура заңсыз иемденілген жалпы сомасы 1,3 триллион теңгеден астам активті қайтарғанын да еске салды. Бұл қаражат 466 әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысанның құрылысына жұмсалған.
Қазір 383 нысанның құрылысы аяқталған. Олардың қатарында медициналық мекемелер, сумен жабдықтау желілері, мектептер мен спорт кешендері бар.
"Қалыптасқан жағдайға қарағанда, нысандар қаншалықты сапалы салынғанын тексеруге себеп бар сияқты. Өйткені нысандардың, соның ішінде жолдардың сапасы талапқа сай болмайтын жағдай жиі кездеседі", – деді Президент.
Мемлекет басшысы бұл оқиғаның мемлекеттік компаниялардағы басты мәселелердің бірі жемқорлық екенін көрсеткенін айтып, Үкімет пен бақылаушы органдарға нақты міндет жүктеді.
"Осы орайда, Үкімет пен бақылаушы органдар биыл 24 қарашаға дейін сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқықбұзушылықтарды барынша азайту, квазимемлекеттік сектордағы компаниялар мен олардың қызметкерлерінің жұмыс сапасын айтарлықтай жақсарту жөнінде маған ұсыныс берсін", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Источник: zakon.kz
Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!
Тағы да оқыңыздар:
-
15:08, 13 қараша 2026
Мемлекет басшысы: Қазақстанда үш жылда 3 мыңнан астам сыбайлас жемқорлық фактісі анықталған
-
15:02, 13 қараша 2026
Тоқаев: Конституцияны бұзатын әрекеттерге «Заң мен Тәртіп» қағидатына сәйкес тосқауыл қойылады
-
15:02, 13 қараша 2026
Тоқаев «Самұрық-Қазына» мен ҚТЖ басшыларының ұсталуына қатысты мәлімдеме жасады
-
14:58, 13 қараша 2026
Шетелде қиындыққа тап болған туристер өз құқықтарын қалай қорғай алады
-
14:43, 13 қараша 2026
Әуежайда заң бұзғаныңыз үшін жауапқа тартылуыңыз мүмкін: қазақстандықтарға қауіпсіздік ережелері ескертілді





