Полиция ата-аналарды балалар қауіпсіздігін сақтауға шақырды

11:28, 22 сәуір 2026

© Фото: unsplash

Елорда полициясы ата-аналарға балалардың терезеден құлап кетуінің алдын алу шараларын күшейту қажеттігін ескертті.

Ведомство мәліметінше, мұндай қайғылы оқиғалардың алдын алу және балалар жарақаттануын азайту мақсатында полиция қызметкерлері тұрақты түрде профилактикалық жұмыстар жүргізіп келеді.

Мемлекеттік органдармен бірлесіп аулаларға рейдтер ұйымдастырылып, халық көп жиналатын орындарда – саябақтарда, сауда-ойын-сауық орталықтарында және басқа да қоғамдық аумақтарда түсіндіру шаралары өткізіліп жатыр. Азаматтарға қауіпсіздік ережелері жазылған жадынамалар мен ақпараттық материалдар таратылуда.

Сонымен қатар учаскелік полиция инспекторлары тұрғын үй чаттарына, ата-аналар мен мектеп топтарына күнделікті профилактикалық хабарламалар жолдап, кіреберістерге, емханалар мен балалар мекемелеріне ескерту парақтарын ілуде.

Мамандардың айтуынша, мұндай оқиғалардың басым бөлігі ересектердің балалар қауіпсіздігіне жеткілікті көңіл бөлмеуінен болады.

Осыған байланысты ата-аналарға келесі қауіпсіздік шараларын сақтау ұсынылады:

  • бала үйде болған кезде терезені ашық қалдырмау;
  • москиттік торға сенбеу, себебі ол баланың салмағын көтере алмауы мүмкін;
  • терезелерге арнайы қорғаныс құрылғыларын (бекіткіштер, блокираторлар) орнату;
  • жиһазды терезе маңына қоймау, баланың терезеге шығып кетуіне жол бермеу.

Құзырлы органдар балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігі – ата-ананың басты жауапкершілігі екенін еске салды.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!