Өсімдік шаруашылығын субсидиялау қағидалары нақтыланды

16:14, 13 қараша 2026
MKZ: 1577624

© Фото: akorda.kz

Ауыл шаруашылығы министрі 2026 жылғы 5 қарашадағы бұйрығымен өсімдік шаруашылығы өнімінің шығымдылығы мен сапасын арттыруды субсидиялау қағидаларына өзгерістер енгізді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Өзгерістерге сәйкес, өтініш беруші пестицидтер тізіміндегі тиісті препараттарға, ал биоагенттерді (энтомофагтарды) жеткізуші өз өніміне қатысты баға ұсыныстарын (прайс-парақтарды) жергілікті атқарушы органға мына мерзімдерде ұсынады:

  • келесі жылға – ағымдағы жылдың 1 желтоқсанынан кешіктірмей;
  • тиісті жылға – сол жылдың 1 шілдесінен кешіктірмей.

Басқарма тиісті жылдың 1 қаңтарына және 1 тамызына дейін субсидиялаудың мемлекеттік ақпараттық жүйесіне өңірдегі пестицидтер мен биоагенттердің (энтомофагтардың) бағаларын енгізеді. Пестицидтер бойынша мәліметтер тізімге және олардың әсер етуші заттарының құрамы мен концентрациясына сәйкес беріледі. Бұл республика бойынша ең төменгі бағаны анықтау үшін қажет.

Субсидияланатын пестицидтер мен биоагенттердің (энтомофагтардың) тізбесі және субсидия нормалары жыл сайын тиісті жылдың 1 сәуірінен кешіктірілмей жергілікті атқарушы органның қаулысымен бекітіледі. Құжат үш жұмыс күні ішінде субсидиялаудың мемлекеттік ақпараттық жүйесінде және жергілікті атқарушы органның ресми интернет-ресурсында жарияланады.

Тізбе мен субсидия нормаларына өзгерістер немесе толықтырулар енгізу туралы қаулы тиісті жылдың 1 қыркүйегінен кешіктірілмей бекітілуге тиіс.

Бұл ретте тізбе мен субсидия нормаларын қалыптастыру кезінде:

  • пестицидтердің пестицидтер тізімінде, ал биоагенттердің (энтомофагтардың) оларды жеткізушілер тізбесінде болуы;
  • субсидия нормаларын белгілеу үшін мемлекеттік ақпараттық жүйенің мүмкіндіктерін пайдалана отырып, пестицидтер мен биоагенттердің (энтомофагтардың) қалыптасқан бағаларына жүргізілген талдау ескеріледі.

Бұйрық 2026 жылғы 23 қарашадан бастап қолданысқа енгізіледі.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!