Мемлекеттік тұрғын үй кезегінде тұрған қазақстандықтарға жақсы жаңалық

13:17, 21 қаңтар 2026

© Фото: freepik

2026 жылғы 21 қаңтарда "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының баспасөз қызметі сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үйге "Жылжымайтын мүлікке құқықтарды және ауыртпалықтарды мемлекеттік тіркеу" қызметін онлайн режимде пилоттық тәртіпте іске қосу туралы хабарлады.

Жоба Қазақстан тұрғын үй компаниясы акционерлік қоғамымен бірлесіп, тұрғын үйді сатып алу құқығымен жалға беру процесін жаңғырту аясында жүзеге асырылуда.

"Жоба бойынша өтініштер онлайн беріліп, сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үйге электронды келісім-шарт жасалады. Мемлекеттік тіркеуге қажетті барлық құжаттар "Біріңғай мемлекеттік жылжымайтын мүлік кадастр" жүйесіне жолданады", – деп хабарлады мемлекеттік корпорация өкілдері.

Пилоттық жоба тұрғын үйді сатып алу құқығымен жалға алуды кезең-кезеңімен рәсімдеуге мүмкіндік береді: құжаттарды тапсыру және жалға алу тіркеуінен бастап, толық сатып алу құны енгізілген соң ауыртпалықты жою және меншік құқығын жеке тұлғаға рәсімдеуге дейін.

"Бұл пилоттық жоба жылжымайтын мүлік саласындағы мемлекеттік қызмет көрсетуді автоматтандыру мен жеңілдетуге бағытталған. Жоба мемлекеттік тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға, оның ішінде әлеуметтік тұрғыдан осал топтарға, бюджет саласы қызметкерлеріне және қала қалыптастыратын кәсіпорындардың жұмысшыларына арналған. Сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үй жергілікті атқарушы органдармен, сондай-ақ мемлекеттік және мемлекеттік емес заңды тұлғалармен жасалған келісім-шарт негізінде беріледі", – деді "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы.

Тіркеуші орган мен мәміле тараптары арасындағы өзара әрекеттестік нақты уақыт режиміндегі бейнебайланыс арқылы жүзеге асырылады.

"Заманауи цифрлық технологияларды, соның ішінде блокчейнді қолданатын пилоттық жоба сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үйді рәсімдеуді жеңілдетуге, қызмет көрсету мерзімін қысқартуға, азаматтардың шығындарын азайтуға, сондай-ақ процесті ашық әрі қолжетімді етуге бағытталған", – деп атап өтті "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы.

2026 жылғы 16 қаңтарда мемлекеттік корпорация паспорт пен жүргізуші куәлігін рәсімдеу үшін қажетті құжаттар мен төлемдер туралы маңызды және пайдалы ақпарат жариялады.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!