Лукашенко: Беларусь пен Қазақстанда Конституция күні енді бір күнде – 15 наурызда атап өтіледі

16:45, 17 наурыз 2026

© Сурет: president.gov.by

Беларусь президенті Александр Лукашенко 2026 жылғы 17 наурызда Қазақстанның Беларусьтегі төтенше және өкілетті елшісі Тимур Жақсылықовпен кездесті, деп хабарлайды Zakon.kz.

Беларусь басшысы Қазақстандағы референдумға дайындық және оны өткізу кезеңіндегі жағдайды мұқият бақылағанын айтты.

"Қазақстандағы басты саяси оқиғадан кейін сізбен кездеспей қала алмадым. Оның үстіне, енді біздің Конституция күні бір күнде – 15 наурызда болады. Сіздерді Конституция бойынша референдумды өте сәтті өткізулеріңізбен және оның нәтижелерімен құттықтағым келеді", – деді Александр Лукашенко кездесудің басында.

Ол жаңа негізгі заңға халықтың айқын қолдау білдіргенін және Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа көрсетілген сенімді ерекше атап өтті.

"Қалай десек те, бұл – президентті қолдау. Ол осындай күрделі кезеңде тәуекелге барып, Қазақстан үшін өте маңызды мәселелерді референдумға шығарды. Ал халық (қолдады. – ред.) – қатысу жағынан да, әсіресе дауыс беру нәтижесі бойынша (87 пайыздан астам) қолдап дауыс берді. Бұл – керемет нәтиже. Сіздерді құттықтаймын. Қасым-Жомарт Кемелұлына менің ең жылы тілектерім мен құттықтауымды жеткізіңіз. Ол – нағыз мықты. Сондай-ақ қазақ халқын, қазақстандықтарды осы жетістікпен құттықтаңыз", – деп атап өтті Александр Лукашенко.

Беларусь басшысы жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты Қазақстан әрі қарай тұрақты дамып, бұдан үлкен оң нәтиже алады деген үміт білдірді.

Сурет: president.gov.by

Сонымен қатар Александр Лукашенко Қазақстан Беларусь үшін Орталық Азия елдері арасындағы негізгі серіктес екенін айтты. Екі мемлекет пен халық арасындағы қарым-қатынас әрдайым жақсы болғанын және солай болып қала беретінін жеткізді.

"Аумағы үлкен ел, халқы да көп. Байланыстарымыз өте жақсы, ынтымақтастыққа қатысты жоспарларымыз да ауқымды", – деді ол.

Беларусь президенті екі ел арасындағы тауарлар мен қызметтердің өзара сауда көлемі қазіргі таңда жеткілікті жоғары деңгейде екенін – 1,5 млрд доллардан асатынын атап өтті.

"Біз тауар айналымын оңай-ақ екі есеге арттыра аламыз. Бұған ұмтылыс бар", – деді Александр Лукашенко.

Ол нақты жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктері жақында Қазақстан Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошановпен кездесуде де талқыланғанын айтты. Сонымен қатар, 2025 жылдың соңында Беларусьтің үкіметтік делегациясы Қазақстанға барып, бірқатар маңызды кездесулер өткізіп, елеулі келісімдерге қол жеткізген.

"Біз Қазақстанмен нәтижелі ынтымақтастыққа үлкен үміт артамыз. Тағы да атап өтемін: біз сіздердің еңбекқор халықтарыңызды қатты құрметтейміз. Сіздер жүргізіп отырған саясатты қолдаймыз. Бұл – өте маңызды бағыт. Сіздер жыл сайын реформалар жүргізесіздер, артық дабылдатпай, бірақ жүйелі түрде көп іс атқарасыздар. Сондықтан ЕАЭО-да да, БҰҰ-да да, халықаралық алаңдарда да, сондай-ақ екіжақты қатынастарымызда Қазақстан мен Беларусь сенімді серіктес болады", – деді Александр Лукашенко.

Сурет: president.gov.by

Өз кезегінде елші Тимур Жақсылықов кездесу мүмкіндігі үшін алғыс айтып, Беларусьтегі жақында өткен Конституция күнімен құттықтады. Беларусьте бұл мереке 15 наурызда атап өтіледі, ал референдум нәтижесіне сәйкес, енді Қазақстанда да дәл осы күні тойланады.

"Енді бұл күн – 15 наурыз – біздің халықтарымызды бұрынғыдан да жақындата түседі", – деп атап өтті елші.

Бұған дейін мемлекет басшысы қазақстандықтарды жаңа Ата Заңды қабылдаумен құттықтағанын жазғанбыз.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!