Қызылордада Ұлттық домбыра күніне орай “Домбыра – халық мұрасы” атты мәдени іс-шара өтті

01:06, 6 шілде 2026

© Фото: zakon.kz

Бүгін Президент саябағында Ұлттық домбыра күніне орай "Домбыра – халық мұрасы" атты ауқымды мәдени-бұқаралық іс-шара өтті.

Оған облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов қатысып, жұртшылықты Ұлттық домбыра күнімен құттықтады.

"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: "Бұл мерекенің қазақ руханияты үшін мән-маңызы зор. Қастерлі аспап дала өркениетінің ажырамас бөлігіне айналды. Төл мәдениетіміздің құнды қазынасын сақтау – баршамыздың парызымыз", – деп бүгінгі мерекенің маңызын ашып көрсеткен болатын.

Бұл – бабалар үнін, Ұлы Даланың сарынын ұрпақтан ұрпаққа жеткізген домбыраны ұлықтайтын, ұлы мұраттарға бастайтын мереке.

Құрметті қала тұрғындары мен қонақтары, қадірменді өнерсүйер қауым!

Халқымыздың қасиетті ұлттық аспабы – домбыра төрімізден түспесін!" – деді.

Мерекелік бағдарлама саябақтың амфитеатрындағы салтанатты концерттен басталды. Көрерменге Тұрмағанбет атындағы халық аспаптар оркестрі, облыстық филармония әншілері, күні кеше өткен "Сыр толқыны" ІІІ республикалық күйшілер конкурсына қатысқан өнерпаздар, жетекші шығармашылық ұжымдар мен дәстүрлі орындаушылар өз өнерін ұсынды.

Сонымен қатар, саябақ аумағында "Ұлттық өнер – ұлы қазына" атты мамандандырылған кітап және музей жәдігерлерінің көрмесі ұйымдастырылып, келушілерге сирек кездесетін тарихи экспонаттар мен әдеби мұралар таныстырылды.

Креативті индустрия өкілдері мен жергілікті қолөнершілердің өнімдері қойылған көрме-жәрмеңкеде кәсіби домбыра жасаушы шеберлер аспап әзірлеудің қыр-сырын үйрететін шеберлік сағаттарын өткізді.

Сондай-ақ жастар арасында тақырыптық флешмоб ұйымдастырылып, ұлттық спорт ойындарынан жарыстар өтті. Орындаушылар мен өнерсүйер қауымның басын қосқан еркін форматтағы "Dombyra Party" музыкалық жобасы да мерекенің көркін қыздырды.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!