Қолайсыз ауа райы: Алматыда бір тәулікте 62 жол апаты болды

17:14, 11 наурыз 2026

© Фото: zakon.kz

Алматыда қалың қар жауғаннан кейін жолдағы ахуал күрделене түсті. Осыған орай полиция жол қозғалысына қатысушыларды барынша сақ болуға және жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға үндеді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Әкімшілік полиция басқармасының мәліметінше, өткен тәулікте – кешегі түстен бүгінгі күнге дейін қала жолдарында 62 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Оның ішінде 28 жол апаты зардап шеккендермен аяқталған. Қаза тапқандар жоқ.

Алматы қаласы полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Серік Шумаев жүргізушілерге ауа райы жағдайын ескеріп, қауіпсіз жылдамдықты таңдаудың маңызын атап өтті.

"Қардың жаууы мен көрінудің нашарлауы жүргізушілерден ерекше мұқияттылық пен тәртіпті талап етеді. Автокөлік иелерін жылдамдық режимін қатаң сақтауға, арақашықтықты ұлғайтуға және күрт маневр жасаудан аулақ болуға шақырамыз. Сондай-ақ жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігіне ерекше назар аудару қажет", – деді ол.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта полиция қызметкерлері күшейтілген режимде қызмет атқарып, жол жағдайын бақылауда ұстап отыр. Сонымен қатар олар қаладағы коммуналдық қызметтермен бірлесіп жұмыс істеуде.


"Жолдағы қауіпсіздік әрбір жүргізушінің жауапкершілігіне тікелей байланысты. Әсіресе қар жауған кезде жол қозғалысы ережелерін сақтап, бір-біріне құрметпен қарау аса маңызды", – деп түйіндеді Серік Шумаев.

Полиция қолайсыз ауа райы жағдайында жүргізушілерге жылдамдықты төмендетіп, арақашықтықты сақтауды және қажет болмаса алыс жолға шықпауға кеңес береді.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!