Қазақстанда 10 шілдеден бастап бірнеше автожол ақылы болады
© Фото: qaj.kz
2026 жылғы 10 шілдеден бастап Қарағанды – Балқаш – Бұрылбайтал және Бұрылбайтал – Құрты учаскелерінде ақылы режим қолданыла бастайды. Ал 2026 жылғы 11 шілдеден бастап Талдықорған – Өскемен учаскесінде ақылы режим енгізіледі, деп хабарлайды Zakon.kz.
"ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының жекелеген учаскелерінде ақылы режимнің кезең-кезеңімен енгізілетінін хабарлады.
"Барлық учаскеде қажетті инфрақұрылым дайындалған. Көлік құралдарын сәйкестендіру және жол жүру ақысын есептеу автоматты түрде жүзеге асырылады. Яғни бақылау аркалары арқылы өткен кезде көліктің мемлекеттік тіркеу нөмірі тіркеледі", – делінген хабарламада.
1. Қарағанды – Балқаш – Бұрылбайтал
Бұл учаскеде ақылы режим 2026 жылғы 10 шілдеден бастап енгізіледі.
Ақылы учаскенің ұзындығы – 645,64 шақырым. Оның ішінде 91 шақырымы – қолданыстағы, 554,64 шақырымы – жаңа учаске.
Учаскенің бастапқы нүктесі – 247+700 шақырым, соңғы нүктесі – 2151+000 шақырым.
Аталған учаскеде рұқсат етілген жылдамдық режимі – сағатына 140 шақырымнан аспайды.
Абоненттік төлемді көлік құралдары Бұқар жырау, Абай, Шет, Ақтоғай, Мойынқұм, Жамбыл аудандарында, сондай-ақ Балқаш және Приозерск қалаларында тіркелген пайдаланушылар рәсімдей алады.
2. Бұрылбайтал – Құрты
Бұл учаскеде ақылы режим 2026 жылғы 10 шілдеден бастап енгізіледі.
Ақылы учаскенің ұзындығы – 80 шақырым.
Учаскенің бастапқы нүктесі – 1041+000 шақырым, соңғы нүктесі – 1121+000 шақырым.
Аталған учаскеде рұқсат етілген жылдамдық режимі – сағатына 140 шақырымнан аспайды.
Абоненттік төлемді көлік құралдары Жамбыл және Іле аудандарында тіркелген пайдаланушылар рәсімдей алады.
3. Талдықорған – Өскемен
Бұл учаскеде ақылы режим 2026 жылғы 11 шілдеден бастап енгізіледі.
Ақылы учаскенің ұзындығы – 772,955 шақырым. Оның ішінде 32,4 шақырымы – I санатты, 740,55 шақырымы – II санатты жол.
Учаскенің бастапқы нүктесі – 287+000 шақырым, соңғы нүктесі – 1073+000 шақырым.
Жылдамдық режимі:
I-б санатты учаскеде – сағатына 110 шақырымнан аспайды;
II санатты учаскеде – сағатына 100 шақырымнан аспайды.
Абоненттік төлемді көлік құралдары Ескелді, Ақсу, Сарқан, Алакөл, Үржар, Аягөз, Жарма және Ұлан аудандарында тіркелген пайдаланушылар рәсімдей алады.
Абоненттік төлем ақылы учаскеге іргелес елді мекендерде тіркелген жергілікті автокөлік құралдары үшін қарастырылған. Ол бір айға немесе бір жылға рәсімделеді және көлік құралының түрі мен жүк көтергіштігіне байланысты белгіленеді.
Абоненттік төлемді келесі тәсілдер арқылы рәсімдеуге болады:
- kaztoll.kz сайтындағы жеке кабинет арқылы;
- 1403 тегін байланыс орталығы арқылы;
- ақы алу пункттерінде;
- клиенттермен жұмыс істеу орталықтарында.
"ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясы" АҚ жүргізушілерге ақылы учаскелер туралы ақпаратпен алдын ала танысуды, көлік құралының мемлекеттік тіркеу нөмірінің дұрыстығын тексеруді және тиісті құқық болған жағдайда абоненттік төлемді уақытылы рәсімдеуді ұсынды.
"Қосымша сұрақтар бойынша пайдаланушылар 1403 байланыс орталығына жүгіне алады. Қоңырау шалу тегін", – делінген хабарламада.
Источник: zakon.kz
Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!
Тағы да оқыңыздар:
-
22:35, 9 шілде 2026
Астанада полиция дропперлерді ұстады
-
21:58, 9 шілде 2026
Қазақстанда 10 шілдеден бастап бірнеше автожолдар ақылы болады
-
21:53, 9 шілде 2026
Қазақстанда бір күнде алты орман өрті тіркелді
-
21:53, 9 шілде 2026
Қазақстанда бір күнде 4 орман өрті тіркелді
-
21:19, 9 шілде 2026
Қазақстанда «Кыздар.Нет» ісі бойынша алғашқы үкім шықты





