Қазақстан мен Қытай экономикасының жаңа белесі: тараптар бірқатар маңызды мәселелерді талқылады

15:43, 3 шілде 2024

© Сурет: akorda.kz

3 шілдеде Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпин БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді. Оның аясында тараптар ауқымды энергетикалық жобалар мен ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты жандандыру мәселесін талқылады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Қасым-Жомарт Тоқаев қолға алынған ауқымды энергетикалық жобаларды тиімді жүзеге асыру қажет деп санайды.

"Қазір Қазақстанда мұнай-химия зауыттары салынып жатыр. Шымкенттегі мұнай өндеу зауытын жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. "Қазақстан – Қытай" мұнай құбырының өткізу мүмкіндігін ұлғайту шаралары қолға алынды. Көп ұзамай бұл жобалар экономикамызға үлес қоса бастайды. Сапар аясында қазақ-қытай іскерлік кеңесінің отырысы өтті. Онда бірқатар инвестициялық келісімдерге қол қойдық". Қасым-Жомарт Тоқаев

Мемлекет басшысы ҚХР Төрағасымен көлік-логистика саласындағы ықпалдастықты жандандыру қажеттігіне назар аударғанын айтты. Бұдан бөлек, Си Цзиньпиннің Астанада жариялаған жаһандық "Бір белдеу, бір жол" бастамасы және Транскаспий халықаралық көлік бағдары аясындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланғанын жеткізді.

"Былтыр теміржол арқылы тасымалданатын жүк көлемі 22 пайызға артып, 28 миллион тоннаға жетті. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Ляньюньган, "Қорғас – Шығыс қақпасы" және Сиань қаласындағы құрғақ порттарда жүзеге асырылған бірлескен жобалардың нәтижесінде көлік-логистикалық әлеуетіміз едәуір артты. Қазіргі таңда "Аягөз – Бақты" үшінші трансшекаралық темір жол құрылысы белсенді жүріп жатыр. Бүгін біз Транскаспий халықаралық көлік бағдары арқылы жүк тасымалын іске қосу шарасына бейнебайланыс режимінде қатыстық. Бұл бағдар Еуразия құрлығындағы көлік-логистика қатынастарын дамытуға тың серпін береді", – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан мен Қытай экономикасының жаңа белесі: тараптар бірқатар маңызды мәселелерді талқылады , сурет - Zakon.kz жаңалық 03.07.2024 15:43

Сурет: akorda.kz

Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев Си Цзиньпинмен ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты жандандыру мәселесін талқылағанын атап өтті.

"Бұл салада табысты жүзеге асқан бірлескен жобалар бар. Егіншілікте smart жүйесін қолдануға, су ресурстарын ұтымды пайдалануға және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге айрықша назар аударылады. Осы орайда Қытайдың тәжірибесі мен технологияларын қолдануға, нақты инвестициялық жобаларды бірлесе жүзеге асыруға мүдделіміз. Былтыр Қазақстанның Қытайға экспорттаған ауыл шаруашылығы тауарлары 2 есе өсіп, 1 миллиард долларға жетті. Қытай нарығына сапалы әрі табиғи ет өнімдерін, майлы және дәнді дақылдар экспортын ұлғайтуға мүдделі екенімізді атап өттік. Бұл ретте Қазақстан астығын 2 миллион тоннаға жеткізуге дайынбыз. Осы саладағы ықпалдастықты кеңейту шараларын қолдағаны үшін Төраға Си Цзиньпин мырзаға ризашылығымды білдіремін", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президентінің айтуынша, екі ел арасында ғылым және білім саласындағы ынтымақтастық та нығайып келеді. Қазіргі таңда Қытайдың жоғары оқу орындарында 4 мыңнан астам қазақ жастары білім алып жатыр.

"Қазақстан техникалық мамандар даярлау мәселесіне баса мән береді. Бұған Қытайдағы әріптестеріміз қолдау көрсетіп отыр. Аталған саладағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға келістік. Қытай Төрағасының сапары аясында екі тарихи оқиғаның куәсі болдыңыздар. Біріншісі – "Астана" Халықаралық университетінің жанынан Бейжің тіл және мәдениет университетінің филиалы ашылды. Сондай-ақ бүгін құрметті Си Цзиньпин мырзамен Қазақстанда екінші "Лу Бань шеберханасын" ашуға келістік. Бұл тиімді әрі маңызды жоба елімізде жоғары кәсіби мамандар даярлауға мүмкіндік береді. Қытайдың жоғары оқу орындарында білім алғысы келетін қазақ жастарының саны артты. Бұл тұрғыда үкіметтік грант санын көбейту, Қазақстан аумағында Қытайдың озық техникалық университеттерінің филиалдарын ашу мәселесіне арнайы тоқталдық", – деді Мемлекет басшысы.

Бұған дейін Тоқаев пен Си Цзиньпин қандай маңызды құжаттарға қол қойғаны белгілі болды.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!