Қасым-Жомарт Тоқаев: Қиындыққа қарамастан Қазақстан жан-жақты жаңғыру жолынан ауытқымайды

15:20, 11 сәуір 2025

© Сурет: akorda.kz

Қасым-Жомарт Тоқаев әлем бетпе-бет келіп отырған жаңа сын-қатерлерге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ол жаһандық сауда соғысының өршуі салдарынан дүние жүзінде күрделі ахуал қалыптасып келетіндігін айтты.

"Егер мұндай текетірес орын алса, оның зардабын барлық ел тартады. Оған еш күмән жоқ. Бұл ретте біз Президент Трамптың аталған қақтығысқа қатысы бар елдердің ұстанымдарын нақтылап, мүмкіндігінше келіссөз бастау үшін 90 күн мораторий жариялау туралы байыпты шешімін құптаймыз",- деді президент.

Сондай-ақ, мемлекет басшысы сарапшылардың елдердің бір-біріне қарсы тарифтер енгізуі әлем экономикасының құлдырауына түрткі болып, халықаралық сауда-саттықтың бүкіл ережесін тас-талқан етуі, тіпті, оның соңы қарулы қақтығыстарға дейін ұласуы мүмкін деп ескерткенін айтты.

"Апта басында барлық негізгі индекстердің мәні төмендеп, мұнай бағамы барреліне 60 доллардан аспады. Алайда Америка билігі тарифтерді кейінге қалдыру туралы шешімін жариялаған соң, биржадағы бағалар өсті. Қазір жағдай біршама тұрақталғаны байқалғанымен, әлемдік қор нарығы мен шикізат биржалары бұрын-соңды болмаған мазасыз күйге түсіп тұр. Әлемнің қатаң тарифтік қақтығыстар саясатына көшкені анық. Әңгіме кезекті рецессия жайында ғана емес, жаһандық экономиканың іргесін шайқап, халықаралық қатынастар жүйесіне ауыр зардабын тигізетін дағдарысқа бет алғанымызда болып отыр". Мемлекет басшысы

Бұл ретте, ол ешбір қиындыққа қарамастан, Қазақстанның жан-жақты жаңғыру жолынан ауытқымайтынын, стратегиялық бағдар өзгермейтіндігін атап өтті.

"Біз инфрақұрылым, көлік, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, цифрландыру және басқа да бағыттар бойынша ірі жобаларымызды жүзеге асыра береміз. Жұмыс тоқтамайды. Сондай-ақ, әрине, мемлекетіміз әлеуметтік міндеттемелерін орындайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Шымкент қаласының жұртшылығы алдында сөз сөйлегендігі хабарланған болатын.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!