Қандыағаш қаласындағы 16 шақырымды құрайтын айналма жол қолданысқа берілді

19:52, 24 қыркүйек 2024

© Сурет: "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ

Бүгін, 24 қыркүйекте "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясы республикалық маңызы бар "Ақтөбе-Атырау-РФ шекарасы" (Астраханға қарай) тас жолының қайта жаңарту жұмыстары аясында "Ақтөбе-Қандыағаш" учаскесін ашты, деп хабарлайды Zakon.kz.

"ІІ техникалық санаттағы Қандыағаш қаласындағы 16 шақырымды құрайтын айналма жолы қолданысқа берілді. Оның құрамында айналма жолдың басында орналасқан бір көлік жол айрығы мен 7 жасанды нысан, оның ішінде 2 малөткел бар", делінген "ҚазАвтоЖол" ҰК хабапламасында

Бұл транспорттық дәліз - Астраханға қарай қозғалысты қамтамасыз етіп, Қазақстан Республикасы мен Ресей федерациясын байланыстыратын маңызды бағыттардың бірі.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес "Ақтөбе-Атырау-РФ шекарасы" (Астраханға қарай) дәлізін жаңғырту бойынша қайта жаңарту жұмыстары атқарылып жатыр. Қайта жаңарту жұмыстары барысында жолдың техникалық параметрлері жақсартылды: 77,8 шақырым ІІ санаттан І санатқа, ал 18,2 шақырымы ІІ санатқа ауыстырылды. "Ақтөбе-Қандыағаш" учаскесінің жалпы ұзындығы 96 шақырымды құрайды.

Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылғы 5 тамызда Алға қаласынан Қандыағаш қаласына дейінгі 54 шақырымды құрайтын жол қолданысқа берілген болатын. Қазіргі таңда автожолдың барлық ұзындығы бойынша жолдың төменгі қабатын төсеу жұмыстары аяқталды. Қиыршық тасты-мастикалық асфальтбетоннан жоғарғы қабатты төсеу жұмыстары атқарылып жатыр (85 % орындалды).

Сондай-ақ жолды абаттандыру жұмыстары жалғасуда. Жобаны жүзеге асыруға үш асфальтбетон зауыты, 254 жол-құрылыс техникасы мен 574 жұмысшы жұмылдырылған. Жоба аясында 94 жасанды құрылыс нысанын соғу жоспарланған, оның ішінде 15 көпір, 16 мал айдау, 3 көлік жол айрығы мен 60 су өткізгіш құбыр. "Ақтөбе-Қандыағаш" автожолының қайта жаңарту жұмыстары 2024 жылдың соңына дейін аяқталады.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!