Грузия халықаралық іздеуде жүрген қазақстандықты экстрадициялады

16:31, 16 қаңтар 2026

© Сурет: Telegram/GenPr

Қаржы пирамидасын басқарды деп күдікке ілінген қазақстандық Грузиядан елге экстрадицияланды. Бұл туралы 2026 жылғы 16 қаңтарда Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Жұма күні таратылған ресми ақпаратта былай делінген:

"Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы мен Қаржылық мониторинг агенттігінің қызметкерлері Қазақстанның Грузиядағы елшілігінің қолдауымен аталған елден экономикалық қызмет саласындағы ауыр қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту мақсатында Қазақстан азаматын экстрадициялады".

Қадағалау органының мәліметінше, күдікті Астанада World Business Consulting қаржы пирамидасының құрылымын басқарған. Бұл ұйымның бөлімшелері 2018–2022 жылдар аралығында Қазақстанның түрлі өңірлерінде азаматтарға жоғары табыс уәде етіп, заңсыз түрде 6,5 млрд теңгеден астам қаражат тартқан.

"Қылмыс жасағаннан кейін күдікті бой тасалап, халықаралық іздеуге жарияланды. 2025 жылғы қарашада ол Грузия аумағында ұсталып, Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасының сұрауы бойынша елге экстрадицияланды. Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамалды", – деп хабарлады ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі.

Бас прокуратурада аталған қылмыс үшін мүлкін тәркілей отырып, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделгенін нақтылады.

Сондай-ақ бұл қылмыстық ұйымның бірқатар сыбайластары бұған дейін нақты мерзімге бас бостандығынан айырылғаны айтылды.

Айта кетейік, 2026 жылғы 9 қаңтарда Түркия Қазақстанға зергерлік бұйым сатып алу сылтауымен алаяқтық жасады деген күдікке ілінген қазақстандықты экстрадициялағаны белгілі болды. Бас прокуратураның мәліметінше, оның әрекеттерінен 8 адам зардап шегіп, келтірілген материалдық шығын шамамен 130 млн теңгені құраған.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!