Дербес деректерді жинау және өңдеу тәртібі өзгерді

12:00, 22 қыркүйек 2026
MKZ: 1568160

© Фото: freepik

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрінің міндетін атқарушының 2026 жылғы 17 қыркүйектегі бұйрығымен Дербес деректерді жинау және өңдеу қағидаларына өзгерістер енгізілді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Құжатта бірқатар ұғым, соның ішінде дербес деректердің анықтамасы нақтыланды. Дербес деректер – белгілі бір адамға қатысты немесе сол мәліметтер арқылы оны анықтауға мүмкіндік беретін, электрондық, қағаз немесе өзге де материалдық тасымалдағышта тіркелген ақпарат. Бұған биометриялық деректер де жатады.

Сондай-ақ азамат немесе оның заңды өкілі дербес деректерін жалпыға қолжетімді дереккөздерде өзі жариялаған жағдайда оларды кейіннен пайдалану тәртібі нақтыланды.

Егер мұндай мәліметтерді жинауға, таратуға немесе өзге де жолмен өңдеуге меншік иесіне, операторға немесе үшінші тұлғаға келісім берілмесе, деректерді пайдаланудың заңдылығын оларды жинаған, таратқан немесе өңдеген әрбір тұлға дәлелдеуге тиіс.

Бұдан бөлек, меншік иелері, операторлар және үшінші тұлғалар заң бойынша таратуға жатпайтын дербес деректердің қорғалуын қамтамасыз етуге міндетті. Жалпыға қолжетімді дереккөздерде ақпарат жарияланған кезде мұндай мәліметтер жасырылуы қажет.

Егер Қазақстан заңдарында өзгеше көзделмесе, азаматқа немесе оның заңды өкіліне жарияланған дербес деректерге қол жеткізу мүмкіндігі авторизациядан өтіп, жеке басын растағаннан кейін ғана беріледі.

Қағидалардың 4-1, 4-2 және 4-3-тармақтарына сәйкес жарияланған дербес деректерді үшінші тұлғалар ақпарат көзіне сілтеме көрсетілген жағдайда кейіннен жинай, өңдей және тарата алады.

Сонымен қатар қағидалар жаңа тармақпен толықтырылды. Оған сәйкес, заңның 16-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, дербес деректерді трансшекаралық беру, жалпыға қолжетімді дереккөздерде тарату және үшінші тұлғаларға беру түрінде өңдеу дербес деректер субъектісінің келісімімен ғана жүзеге асырылады.

Дербес деректерді меншік иесі, оператор немесе үшінші тұлға Қазақстан аумағында орналасқан деректер базасында немесе цифрлық нысанда сақтауға тиіс.

Егер дербес деректерді жинау және өңдеу талаптарының бұзылғаны туралы ақпарат болса, дербес деректер субъектісі меншік иесінен, оператордан немесе үшінші тұлғадан өз мәліметтерін бұғаттауды не анонимдендіруді талап ете алады.

Меншік иесі, оператор немесе үшінші тұлға Қазақстан заңнамасын бұза отырып жинаған және өңдеген дербес деректер субъектінің талабы бойынша жойылуға тиіс. Бұл талап заңнамада көзделген өзге де жағдайларда қолданылады.

Қазақстан Республикасының Цифрлық кодексі 41-бабының 4-тармағында белгіленген жағдайларда дербес деректерді жою туралы талап орындалмайды.

Бұйрық 2026 жылғы 1 қазаннан бастап қолданысқа енгізіледі.

Бұған дейін дербес деректер қауіпсіздігінің бұзылғаны туралы азаматтарға хабарлау қағидаларына өзгерістер енгізілгенін жазған едік.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!