Алып жанартауды бес ғасырдан кейін ұйқыдан оянуына не себеп болғаны анықталды

10:28, 9 қыркүйек 2026
MKZ: 1565903

© Сурет: wikipedia

Ресейдің Камчатка түбегіндегі Крашенинников жанартауы бес ғасырға жуық уақыт бойы атқыламаған. Алайда 2025 жылғы 30 шілдеде жергілікті уақытпен түске таяу болған сейсмикалық оқиғадан кейін жанартау қайта оянды, деп хабарлайды Zakon.kz.

ScienceAlert басылымының жазуынша, бұл мега-жер сілкінісі бақылау тарихындағы ең қуатты жер сілкіністерінің бірі болды. Оның магнитудасы 8,8-ге жетті. Әлемнің көптеген елдерінде цунами қаупіне байланысты ескерту жарияланып, Камчатка түбегінде бірден бірнеше жанартау белсенділігін арттырды.

Камчатка – Жер шарындағы жанартаулық белсенділігі ең жоғары аймақтардың бірі. Мұнда шамамен 160 жанартау бар, оның 29-ы белсенді деп саналады. Сондықтан бұл өңірде геофизикалық "пиротехниканың" болуы таңсық емес. Дегенмен осы табиғи құбылыстарға қосылған жанартаулардың бірі күтпеген жағдай болды.

Крашенинников жанартауы бірнеше ғасыр бойы атқыламаған еді. Алайда мега-жер сілкінісінен бірнеше күн өткен соң одан алып түтін бағаны көтеріле бастады. Ұлыбританиядағы Эксетер университетінің вулканологы Джеймс Хики бастаған зерттеушілер тобы жанартаудың атқылауын зерттеп, Камчаткадағы мега-жер сілкінісі Крашенинников жанартауын қалайша қайта оятқанын анықтады.

Ғалымдардың пайымдауынша, ұзаққа созылған сейсмикалық тербелістер уақыт өте келе ұшпа заттардың бөлінуіне, көпіршіктердің өсуіне және кейін магма қоймасының тұрақсыздануына ықпал еткен. Ал бұл жүйе бұған дейін де механикалық тұрғыдан бұзылуға бейім болған.

Зерттеушілер сырттай тыныш тұрған жанартаулардың ішінде аса қауіпті жағдайлар жасырын болуы мүмкін екенін атап өтті. Әсіресе ұшпа заттарға бай және мега-жер сілкіністері жиі болатын аймақтарда мұндай қауіп жоғары.

Бұл өңір субдукция аймағында орналасқан. Мұнда Тынық мұхиттық плита Охотск микроплитасының астына батып, нәтижесінде Камчаткада ерекше күшті жанартаулық белсенділік пен қуатты жер сілкіністері пайда болады.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!