Алматыда пневматикалық қару және пышақтар тәркіленді

18:20, 8 мамыр 2026

© Сурет: polisia.kz

Алматы полиция департаментінің қызметкерлері әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында пневматикалық және суық қаруды заңсыз сату дерегін анықтап, оның жолын кесті, деп хабарлайды Zakon.kz polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде заңсыз айналымнан пневматикалық қарулар мен суық қару түрлері тәркіленді. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Полицияның мәліметінше, бұл — бір реттік жағдай емес. Қару-жарақтың заңсыз айналым арналары интернет кеңістігіне тұрақты мониторинг жүргізу арқылы жүйелі түрде анықталып, жолы кесіліп жатыр.

Жыл басынан бері аудандық полиция бөлімшелері жүргізген жедел іс-шаралар нәтижесінде заңсыз айналымнан 619 тыйым салынған зат тәркіленіп, барлық фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.


"Әлеуметтік желілер арқылы жүзеге асатын заңсыз қару саудасы қоғамдық қауіпсіздікке тікелей қатер төндіреді. Мұндай құқық бұзушылықтардың әрқайсысы ауыр қылмыстардың жасалу қаупін арттырады. Алматы полициясы интернет кеңістігін тұрақты бақылауда ұстап, жедел әрекет етуде. Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да күшейтіледі", – деді Алматы полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Тимур Ноғайбаев.

Полиция азаматтарға қаруды заңсыз сақтау мен өткізудің қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін ескертті.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!