Алматыда бір түнде 27 см-ге дейін қар жауды, көшелерді тазалау жұмыстары жалғасып жатыр
© Фото: Zakon.kz
Алматыда қар 10 наурыз күні кешке жауа бастады. Қар жауа бастаған сәттен бастап қаланың коммуналдық қызметі күшейтілген тәртіпте жұмыс істеуге көшті.
Негізгі міндет — көктайғақтың алдын алу және көлік қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бұл туралы Алматы қаласы Коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасының өкілдері айтты.
"Қазгидромет" РМК мәліметіне сәйкес, жауын-шашын алдымен жаңбыр түрінде басталып, кейін қарға ұласып, 11 наурыз күні таңға дейін жалғасты. Осы уақыт аралығында қалаға шамамен 27 сантиметр қар түсті.
Жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін көшелерге 75 жедел бригада, 2710 жол саласы жұмысшысы және 1225 арнайы техника жұмылдырылды. 200-ден астам сыпыру техникасы жолға көктайғаққа қарсы материалдарды сеуіп жүр. Себу жұмыстары аяқталғаннан кейін техника 28 колоннаға біріктіріліп, магистральдық көшелерді тазалауға кіріседі.
Түннен бастап қаланың негізгі магистральдарында қарды жинау жұмыстары қолға алынды. Жұмыс жол полициясының патрульдік көліктерінің көмегімен техника колонналары арқылы істеліп жатыр. Сонымен қатар шағын көлемді техника мен жұмысшылар тротуарларды, қоғамдық көлік аялдамаларын, жерүсті өткелдерін, баспалдақтар мен пандустарды тазалауда.
Синоптиктердің болжамынша, 11 наурыз күні күндіз жауын-шашын болмайды, ауа температурасы –6…–8 градус шамасында болады, кейін тағы төмендейді.
Қала тұрғындарынан сақтық шарасын сақтау ескертіледі: жүргізушілерге жылдамдықты төмендетіп, арақашықтық сақтауға, ал жүргіншілерге тротуарларда абай болуға кеңес беріледі. Сонымен қатар тұрғындардан қар тазалайтын техниканың жұмысына кедергі келтірмеу және көшелерді жедел тазалауды қамтамасыз ету үшін көліктерін жол жиегіне қоймау сұралады. Коммуналдық қызмет тәулік бойы көше мен жолдың жағдайын бақылап, қаланы тазалау жұмыстарын жалғастырып жатыр.
Источник: zakon.kz
Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!
Тағы да оқыңыздар:
-
12:13, 11 наурыз 2026
Жапонияда телеарна режиссерінің ұсталуына байланысты үлкен жанжал шықты
-
12:02, 11 наурыз 2026
11 наурыздағы Астана, Алматы және Шымкенттегі айырбастау пункттеріндегі валюта бағамы
-
11:53, 11 наурыз 2026
АҚШ-та алғашқы гибридті ұшақ жасалды
-
11:44, 11 наурыз 2026
Әзірбайжанда қарындасын сұлулық салонына барғаны үшін пышақтаған ер адамға үкім кесілді
-
11:32, 11 наурыз 2026
Әлімханұлының атағынан айырылуы: федерация мәлімдеме жасады





