Ақтөбенің «Думанында» үш жыл бойы не су, не газ жоқ

11:21, 16 шілде 2020
1051

Ақтөбеде жылдар бойы кезекте тұрып, әрең дегенде он сотық жеріне қол жеткізген тұрғындардың көңілдері су сепкендей басылды. Өйткені, жер телімі берілген "Думан" тұрғын үй алабы коммуникациялық желі атаулыдан жұрдай болып шыққан. Көгілдір отын былай тұрсын, халық ауыз судың өзін күн сайын қаладан тасып ішіп отыр, деп хабарлайды zakon.kz Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.

"Думанда" тұрсақ та, тірлігіміз думандататындай емес, дейді жұрт. Бұл аймақтағы жер телімдері осыдан 3 жыл бұрын беріле бастаған. Онсыз да пәтер жағалап шаршаған жұрт, құжаттарын ала сала құрылысты бастап кеткен. Баспанасын бітіріп , қоныстанған ондаған түтін қыстап та шыққан. Бірақ, сол күйі көгілдір отын да, ауыз су да берілмеді деп отыр.

Гүлжамал Әбелдинова, тұрғын:

"Үш жыл болды, міне. Үш жылдан бері жаяу қатынап жүрміз. Не суы, не газы жөнді жоқ. Обещать етіп-етіп, міне уже тойып болдық".

Құрғақ уәдеге әбден тойған жұрт қарап отыра бергеннен түк шықпайтынын білген соң жауапты мекемелердің есігін қаға бастаған. Ең әуелі электр жарығының мәселесін шешкілері келіпті. Өйткені, балалар онлайн оқыған кезде жарықтан тарықтық, дейді. Шулап жүріп, уақытша желіге қостыртқан екен, бірақ оның өзінің күші жетпейтін көрінеді.

Нұргүл Мұқанғалиева, тұрғын:

"Енді уақытша қосып берді свет. Бірақ ол светтің 1 КТП ғана тұр. Басқалары көтере алмайды ертең. Пока қойылған деп тұр. Мен кеше "Энергосистемаға" бардым, онда да айтып тұр ол свет сіздерге болмайды деп. Сіздерге 12 КТП қосылуы керек, сол болмай, болмайтын нәрсе деді. Ай сайын осылай жинала бермейтін шығармыз енді. Бізге тездетіп су, газ, свет мәселесін шешіп берсе".

Көгілдір отын демекші, тұрғындар жанайқайларын айтып шенділерге шағымданған сәтте, шілденің 1-інде газды қосамыз деген екен. Құбыры жүргізулі, бәрі дайын тұрғанымен әлі берілмеген.

Мұрат Мұқанғалиев, тұрғын:

"Келіп тұрған газ. Мысалы деген былтыр ма , жүргізді иә. Былтыр сол беруі керек. Бізге екі жылға берген жер ғой. Ертең келіп алып айтады, сендерге осындай жылға беріп едік деп. Жыл сайын арендаға он мың бірдеңе теңге төлейміз".

Әкімдіктегілер газ бен жарық мәселесі күзге дейін толық шешілетінін айтты. Ал жоба бойынша жауапты мердігерлердің жұмысты толық аяқтауына әлі уақыт бар деп отыр. Электр жарығын жүргізу жұмыстары тамыз айында, ал газ беру күз айында аяқталуы тиіс екен.

Мирас Әжібаев, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

"Энергосистемадан" қостық оны уақытша апарып, ТП қойдық. Жұмыстар біткеннен кейін өздеріне тиесілі ТП апарып, қондырып, қосамыз. Газ мәселесі бойынша, қысымын тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Егерде құбырлардың арасында бір утечкалар болса. Жою жұмыстары біткеннен кейін барып газ беріледі".

"Думанда" қазір 15-ке жуық отбасы тұрып жатыр. Ал 50 үйдің құрылысы аяқталуға таяу. Сондықтан, тұрғындар барлық жағдайды жасап қойса, бүгін-ертең көшуге дайын отырмыз дейді.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!