Ақтөбеде пневмониядан 47 адам көз жұмды

22:34, 30 маусым 2020
1415

Ақтөбеде өкпенің қабынуы "асқынып" тұр. Тек соңғы екі аптада 47 адам пневмониядан қайтыс болған. Жедел жәрдем көліктері тәулік сайын провизорлық орталықтарға жүздеген пациентті тасудан қолдары тимей жатыр. Ауруханаға баруға жүрексініп, үйден қатынап, амбулаториядан ем алып жүргендердің өзі 800-ден асып кеткен. Ал еріктілер болса күйзеліске түскен пациенттерге көмектесетін психологтер іздеп әлек.

Ақтөбе қашан пневмониядан "айығады"? Жағдай неге бұлай ушықты? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

"Біз қазір қаладағы үш провизорлық орталықтың бірінің есігінің алдында тұрмыз. Келгенімізге көп бола қойған жоқ. 15 минуттың ішінде бұл жерге мінекейі 7-жедел жәрдем көлігі келіп жатыр. Есігің алдында өздеріңіз көріп тұрғандай науқастардың туыстары тұр. Есіктен тек 2 адамнан кіргізіп жатыр. Жалпы, қаладағы үш провизорлық орталықта қазірдің өзінде 997 адам пневмонидан емделіп жатыр".

Провизорлық орталыққа айналған бұрынғы облыстық туберкулезге қарсы диспансерге 3-4 күннің ішінде пациенттер толып қалған. 400 орынға лайықталған емдеу мекемесіне өз бетімен келіп жатқан пациенттер де қаншама. Есік алды толы жақынының жағдайын білуге келгендер. Жағдайдың ушыққаны биліктің індетке дайындығының нашарлығынан дейді.

Айнаш Ідірісқызы, қала тұрғыны:

"Дайын деп айта алмаймын. Потому что, дайын болу үшін мынадай больницаны алдын-ала бәрін ойластыру керек деймін да. Туббольницаны осындай жағдайға апарып қойды амал жоқтан. Өзіміз күткен жоқпыз мынадай жағдайды".

"Наурыз, сәуір, мамырда емес, қазір карантинге жабу керек еді. Сол кезде иммунитетті күшейтіп алар едік. Ал қазір ше? Жұрт жаппай біреуі баласын, біреуі әке-шешесінен айрылып жатыр".

Өкпесі қабынып, өліп кетіп жатқандардың дені 50 мен 60 жастағылар. Дәрігерлер бұл вирусты індет әсіресе созылмалы ауруы барларға қиын деп отыр.

Әсет Қалиев, облыс әкімінің кеңесшісі:

"Диспансерлік есепте тұрған адамдар. Қант диабеті, қосалқы аурулары, артериялық гипертензия, жүрек-ишемиялық аурулары және өкпеде созылмалы ауруы барлар, бронхиті барлар, осының фонында ауыр вирустық пневмония дамып, жасаған емдік-шаралар нәтиже бермей, өкінішке қарай, медицина қызметкерлері араша бола алмай қалды. Өлген адамдардың басым көпшілігінде өкпенің сау жері жоқ. Толық қабынған".

Дәрі-дәрмек іздеп дүрліккен жұрт енді "оттегі көпшігін" іздеп сабылып жүр. Жағдайдың ушыққаны сондай, жасанды тыныс алдыратын "көпшік" сұрайтындар көбейді дейді волонтер Екатерина Голотина. Қазір көрші Ресейге сұрау салыпты. Ақтөбенің "жоғы" жалғыз бұл емес.

Екатерина Голотина, волонтерлік ұйымның жетекшісі:

"Ауруханада ауырып жатқандардың жүйкесі сыр бере бастаған. Уайым бар, күйзеліс бар. Дәрігерлермен сөйлескенімізде, психологтардың көмегі ауадай қажет деген еді. Сондықтан, біз психологтарға іздеу салдық. 2-3 адам хабарласты. Оларға арнайы киім кигізіп, ауруханада қабылдау жүргіземіз деп ойлаймын".

Бұл пневмония бұрынғыдан өзгерек. Сырқатқа шалдыққандар мұрттай ұшып жатыр. Сондықтан, дәрігерлер өз бетімен емделмеу керек дейді.

Әсет Қалиев, облыс әкімінің кеңесшісі:

"Ең басты мәселе, әлеуметтік қарым-қатынас сақтау, өзін өзі күту, ауырғанның өзінде бастапқы сатыда келсе, 1-2 күннің өзі адамның өмірін арашалап өқалуға бізге мүмкіндік береді".

Өкпе қабынуынан емделіп жатқан 997 адамның 27-і қазір жансақтау бөлімінде жатыр. 10-ы жасанды тыныс алу аппаратына қосылған.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!