Ақтау маңындағы ұшақ апаты: Ресей мен Әзербайжан мәлімдеме жасады

18:31, 15 сәуір 2026

© Сурет: ҚР Көлік министрлігі

2026 жылғы 15 сәуірде Ресей Сыртқы істер министрлігі Ақтау маңындағы ұшақ апатына байланысты Әзербайжан Сыртқы істер министрлігі-мен бірлескен мәлімдеме жариялады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Мәлімдемеде айтылғандай, Ресей мен Әзербайжан президенттерінің 2025 жылғы 9 қазанда Душанбеде өткен кездесуі барысында қол жеткізілген келісімдерге сәйкес, тараптар 2024 жылғы 25 желтоқсанда Ақтау қаласының маңында апатқа ұшыраған AZAL әуе компаниясына тиесілі Embraer 190 ұшағына байланысты салдарды реттеу мәселесін, оның ішінде өтемақы төлеу мәселесін өзара келісіммен шешкен. Апат Ресей Федерациясының әуе кеңістігінде әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесінің байқаусыз әрекеті салдарынан болғаны көрсетілген.

"Қабылданған қадамдар екі тараптың одақтастық өзара іс-қимыл аясында өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамытуға деген ұмтылысын растайды. Өзара құрмет, сенім және тараптардың мүдделерін ескеру негізінде Ресей мен Әзербайжан арасындағы байланыстардың жүйелі дамуы көрші елдер арасындағы достық қатынастарды нығайтып, екі халықтың игілігі үшін ынтымақтастықты кеңейтуге ықпал етеді деп сенеміз. Әуе кемесінің апаты салдарынан қаза тапқандардың туған-туыстары мен жақындарына тағы да көңіл айтамыз", – делінген мәлімдемеде.

Еске салсақ, Azerbaijan Airlines әуе компаниясының Бакуден Грозныйға бағыт алған Embraer 190 ұшағы 2024 жылғы 25 желтоқсанда таңертең Ақтау маңында апатқа ұшыраған. Әуе компаниясының мәліметінше, бортта 62 жолаушы мен бес экипаж мүшесі болған. Соның ішінде 29 адам аман қалған.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!