АҚШ-та «11 қыркүйек» оқиғасынан кейінгі ауа сапасына қатысты құпия құжаттар жарияланды

10:20, 9 қыркүйек 2026
MKZ: 1565905

© Сурет: pexels

АҚШ-тың Нью-Йорк қаласының билігі 2001 жылғы 11 қыркүйектегі терактілерден кейінгі ауа сапасына қатысты құжаттарды жариялай бастады. Құжаттар ауа құрамында қауіпті заттар болғанын көрсетеді. Алайда жергілікті тұрғындарға ұзақ жылдар бойы керісінше айтылып келген, деп хабарлайды Zakon.kz.

РБК The New York Times басылымына сілтеме жасап жазғандай, теракт оқиғасынан кейін бірнеше ай өткен соң да төменгі Манхэттен аумағының ауасынан (асбест) қауіпті заттар табылған.

Тіпті 2002 жылдың шілдесінде, яғни шабуылдардан кейін он ай өткенде де, қираған қос мұнарадан 1,5 шақырымға жетпейтін жерде мамандар қауіпті зат анықтаған. Оның іздері Джон-стриттегі ғимараттардың бірінің қасбеті мен шатырынан, сондай-ақ Төменгі Манхэттеннің басқа да аумақтарынан табылған.

Кейбір сынамаларда қауіпті заттардың мөлшері рұқсат етілген нормадан асып кеткен. Құжаттарда мұнаралар қираған жерге жақын аумақта қатерлі ісік тудыруы мүмкін бензолдың да жоғары концентрациясы тіркелгені айтылған.

Асбест – беріктігі мен отқа төзімділігіне байланысты бұрын құрылыста кеңінен қолданылған табиғи минерал. Оның ең үлкен қаупі – ұсақ талшықтарын деммен ішке тартқан кезде болады. Олар өкпеге түсіп, онда ұзақ жылдар бойы сақталуы мүмкін.

Соған қарамастан, терактілерден кейін сол кездегі Нью-Йорк мэрі Рудольф Джулиани және оның орнына келген Майкл Блумберг ауа қауіпсіз екенін бірнеше рет мәлімдеген.

NYT мәліметінше, жарияланған құжаттар адамдарға Дүниежүзілік сауда орталығы орналасқан ауданға денсаулыққа қауіп сейілмеген кезде де қайта оралуға рұқсат берілгенін көрсетеді.

Жаңа деректер ауруға шалдыққан адамдарға федералдық өтемақы алуға көмектесуі, сондай-ақ жаңа сот істерін бастауға негіз болуы мүмкін. NYT мәліметінше, кейінгі жылдары терактілердің салдарымен байланысты аурулардан қайтыс болған адамдардың саны 11 қыркүйектегі шабуылдарда қаза тапқандардан да көп болуы мүмкін. Ал сол күні шамамен 3 мың адам қаза тапқан.

Бұған дейін Boeing ұшағы ұшу-қону жолағынан шығып кетіп, адам өлімі болғаны туралы жазған едік.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!