АҚШ Кариб теңізінде тағы бір танкерді ұстады

13:08, 21 қаңтар 2026

© Сурет: pixabay

20 қаңтар күні АҚШ әскери күштері Кариб теңізі аймағында Sagitta атты танкерді қолға түсірді, деп хабарлайды Zakon.kz.

АҚШ-тың Оңтүстік қолбасшылығы жариялаған хабарламаны Х (бұрынғы Twitter) желісіндегі парақшасында АҚШ Қорғаныс министрлігі қайта жариялаған.

"Бүгін таңертең АҚШ Қарулы күштері Ішкі қауіпсіздік министрлігінің қолдауымен Sagitta кемесін ешқандай оқиғасыз ұстады. Президент Трамп енгізген Кариб аймағындағы санкцияға ұшыраған кемелерге қатысты блокаданы бұза отырып әрекет еткен тағы бір танкердің ұсталуына байланысты бұл қадам Венесуэладан шығарылатын мұнайдың тек заңды негізде және тиісті келісімдер арқылы тасымалдануын қамтамасыз етуге деген табандылығымызды көрсетеді", – делінген ақпаратта.

Қаза тапқандар немесе зардап шеккендер туралы әзірге ақпарат жоқ. Танкер Панама туымен жүзгені белгілі. Бұл – осындай жолмен ұсталған жетінші танкер.

Бұған дейін, 12 қаңтар күні Венесуэладан тек АҚШ-тың арнайы рұқсатын алған мұнай танкерлері ғана жолға шығатыны хабарланған болатын. Ал рұқсатсыз шыққан танкерлер АҚШ билігі тарапынан ұсталып қалуы мүмкін.


"Қазіргі Венесуэла билігі АҚШ-пен белсенді түрде ынтымақтастық орнатып отыр. Вашингтон халықаралық санкциялардың сақталуы мен мұнай жеткізілімін бақылау мақсатында осы бағыттағы әріптестіктің жалғасуына үміт артады", – деген еді Ақ үйдің баспасөз хатшысы Кэролайн Ливитт.

Бұған дейін ОПЕК 2026 жылғы дүниежүзілік мұнай сұранысына арналған болжамын жариялағанын жазғанбыз.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!