АӘК тағайындау қағидалары: 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап не өзгереді
© Фото: Zakon.kz/Максим Золотухин
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі 2026 жылғы 3 қарашадағы бұйрығымен Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау және төлеу қағидаларына өзгерістер енгізді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Қағидалар мынадай ұғыммен толықтырылды:
- Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек (атаулы әлеуметтік көмек) – жан басына шаққандағы орташа айлық табысы астанада, облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда белгіленген кедейлік шегінен төмен жеке тұлғаларға (отбасыларға) мемлекет көрсететін көмек.
Атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) жан басына шаққандағы орташа табысы астанада, облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда белгіленген кедейлік шегінен аспайтын адамға немесе отбасына шартсыз немесе шартты ақшалай көмек түрінде беріледі.
АӘК тағайындау үшін отбасының құрамы анықталады.
Қағидаларға енгізілген жаңа тармаққа сәйкес, қаладағы ауданның, аудандық маңызы бар қаланың, кенттің, ауылдың, ауылдық округтің әкімі табысы аз адамдарды анықтайды.
Консультация қорытындысы бойынша адам немесе отбасы (өтініш беруші) қызмет көрсетуші, портал немесе ұялы байланыс құрылғысы арқылы АӘК тағайындауға өтініш береді.
Бұл ретте жеке басын сәйкестендіру үшін өзімен бірге жеке басын куәландыратын құжаты немесе қандас куәлігі болуы қажет.
Жеке басты куәландыратын құжаттарға мыналар жатады:
- ҚР азаматының жеке куәлігі немесе паспорты;
- Қазақстанда тұрақты тұратын шетел азаматының тұруға ықтиярхаты;
- азаматтығы жоқ адамның куәлігі;
- босқын куәлігі.
Құжатты қағаз түрінде немесе цифрлық құжаттар сервисінде болған жағдайда электрондық нұсқада ұсынуға болады.
АӘК алуға үміткер, сондай-ақ оны тағайындауға қайта жүгінген адамдар (отбасылар) мен үй шаруашылықтары дербес деректерін жинауға, өңдеуге, тексеруге, өзектендіруге және беруге келісім береді.
Бұл деректерге банктік және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтер, сондай-ақ мемлекет қатысатын кредиттік бюродан алынатын кредиттер бойынша қарыз сомасы, мерзімдік (ай сайынғы) төлем, мерзімі өткен берешек немесе қарыздың қалдық сомасы туралы ақпарат кіреді.
Өтінішке қосымша жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тартылатын, бірге тұратын еңбекке қабілетті отбасы мүшелерінің жұмыс іздеуші ретінде тіркелу туралы өтініштері қоса беріледі.
Он алты жасқа толмаған адамның атынан ата-анасының бірі немесе заңды өкілі оның еңбек қызметін жүзеге асыруына келісетіні туралы еркін нысанда жазылған өтініш ұсынады.
Өтініш беруші АӘК тағайындау үшін портал арқылы жүгінеді.
Сондай-ақ АӘК проактивті қызмет арқылы тағайындалған жағдайда, оны тағайындау туралы өтініш беру талап етілмейтіні көрсетілген.
Отбасының учаскелік комиссияның материалдық жағдайын тексеруіне келісім беруі АӘК-ті проактивті форматта тағайындау мәселесін қарауға негіз болады.
Учаскелік комиссияның материалдық жағдайды тексеруге келісім алған күні проактивті қызмет арқылы АӘК тағайындауға жүгінген күн болып есептеледі.
Төтенше жағдайлар кезеңінде уәкілетті мемлекеттік органның автоматтандырылған цифрлық жүйесі арқылы тағайындалған АӘК-ті алып жүрген адамның төлемі тоқсанның соңғы күні өтінішсіз келесі тоқсанға автоматты түрде ұзартылады.
Цифрлық жүйелерде АӘК тағайындалғанын, төленгенін немесе оны тағайындауға өтініш берілгенін растайтын мәліметтер болған жағдайда, әкім немесе мансап орталығы өтінішті қабылдаудан бас тарту туралы қолхатты дереу береді.
Өтініште немесе мемлекеттік қызмет көрсетуге қажетті мәліметтерде қателер не дәлсіздіктер анықталса, өтініш цифрлық күту парағы арқылы қабылданып, мемлекеттік қызмет көрсету тоқтатыла тұрады. Бұл ретте ұсынылған құжаттар қайтарылады.
Кемшіліктерді түзетуге бес жұмыс күні беріледі. Кемшіліктер жойылған жағдайда, қызмет алушының алғаш жүгінген күні өтініш пен құжаттар қабылданған күн болып есептеледі.
Мансап орталығы мемлекеттік органдардың цифрлық жүйелерінен алынған мәліметтер, тиісті мемлекеттік органдардан қағаз түрінде алынған құжаттар, цифрлық жүйелерде мәліметтер болмағандықтан өтініш беруші ұсынған құжаттар не әкімнен келіп түскен құжаттар топтамасы және учаскелік комиссияның қорытындысы негізінде, оларды алған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде:
- көрсетілетін атаулы әлеуметтік көмектің түрін – шартсыз немесе шартты ақшалай көмек екенін анықтайды;
- Отбасының жиынтық табысын есептеу қағидаларына сәйкес, АӘК алуға өтініш берілген тоқсанның алдындағы тоқсандағы отбасының жиынтық табысын есептейді.
АӘК мөлшері отбасының әрбір мүшесіне шаққанда астанада, облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда белгіленген кедейлік шегі мен жан басына шаққандағы орташа табыс арасындағы айырма ретінде есептеледі. АӘК тағайындалған кезеңде бір жастан алты жасқа дейінгі балалардың әрқайсысына ай сайын 1,5 АЕК мөлшерінде қосымша төлем беріледі. Бұл төлем алты жастағы балаларға да төленеді.
Қажет болған жағдайда жергілікті атқарушы органдар өңірдің ерекшеліктерін ескере отырып, үй малы, құс және жер учаскесін табыс әкелмейтін деп айқындайды.
Мансап орталығы:
- АӘК тағайындау, төлем мөлшерін өзгерту, төлемді тоқтата тұру, тоқтату немесе тағайындаудан бас тарту туралы шешімнің электрондық жобасын дайындайды. Оған электрондық макетті тікелей қалыптастыратын мансап орталығының маманы, орталықтың құрылымдық бөлімшесінің басшысы және мансап орталығының басшысы электрондық цифрлық қолтаңба арқылы қол қояды;
- шешімнің электрондық жобасын АӘК тағайындауға берілген өтініштерді тіркеудің электрондық журналына тіркейді;
- істің электрондық макеті мен құжаттар топтамасын уәкілетті органға жолдайды.
Шартты ақшалай көмек көрсету белгіленген жағдайда, мансап орталығы цифрлық жүйелерден алынған мәліметтер, тиісті мемлекеттік органдардан қағаз түрінде алынған құжаттар, цифрлық жүйелерде мәліметтер болмағандықтан өтініш беруші ұсынған құжаттар не әкімнен келіп түскен құжаттар топтамасы және учаскелік комиссияның қорытындысы негізінде, оларды алған күннен бастап бір жұмыс күні ішінде:
- отбасының жұмыспен қамтылмаған, еңбекке қабілетті мүшелерінің санын анықтайды;
- отбасы құрамына кіретін, бірге тұратын, жұмыспен қамтылмаған еңбекке қабілетті мүшелерді жұмыс іздеуші ретінде тіркейді;
- алынған мәліметтер мен құжаттарды халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі аудандық (қалалық) немесе өңірлік комиссияға жолдайды. Бұл құжаттар шартты ақшалай көмекті біржолғы төлеуді келісу үшін, сондай-ақ жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шаралары мен әлеуметтік бейімдеу шараларын ұсыну туралы шешім қабылдау АӘК тағайындайтын уәкілетті органның құзыретінен тыс болған жағдайда, осындай шаралармен қатар шартты ақшалай көмек тағайындауды келісу үшін беріледі.
Аудандық (қалалық) немесе өңірлік комиссияның шешімдері учаскелік комиссияның қорытындысын алғаннан кейін бір жұмыс күні ішінде хаттамамен ресімделеді. Шешімдер қабылданған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде өңірдің мансап орталығына жіберіледі.
Мансап орталығы учаскелік комиссияның қорытындысын не осы қорытынды қоса берілген құжаттарды әкімнен, сондай-ақ қажет болған жағдайда халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі аудандық (қалалық) немесе өңірлік комиссияның ұсынымдарын алғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде жұмыспен қамту және әлеуметтік бейімдеу шараларын қамтитын жеке жоспар әзірлеп, әлеуметтік келісімшарт жасасады.
Шартты ақшалай көмек алушылармен әлеуметтік келісімшарт осы көмек тағайындалған мерзімге жасалады.
Табысы аз адам (отбасы) әлеуметтік келісімшарт талаптары мен жеке жоспардағы іс-шараларды, соның ішінде жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және жұмысқа орналасу шараларына қатысу жөніндегі міндеттемелерін толық орындамаған жағдайда, әлеуметтік келісімшарт бұзылады. Сондай-ақ шартты ақшалай көмектің заңсыз тағайындалуына және төленуіне әкеп соққан жалған мәліметтер немесе дәйексіз құжаттар ұсынылса, келісімшарт бұзылады.
Әлеуметтік келісімшарттың бұзылуы шартты ақшалай көмек төлеуді тоқтатуға негіз болады.
Әлеуметтік келісімшартта тараптардың жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және әлеуметтік бейімдеу шараларын орындау жөніндегі міндеттемелері, сондай-ақ олар орындалмаған жағдайда қолданылатын шаралар көрсетіледі.
Мансап орталығы әлеуметтік келісімшарт жасалған күннен бастап бір жұмыс күні ішінде:
- АӘК тағайындау үшін уәкілетті органға шешімнің электрондық жобасын, оған қоса істің электрондық макетін, оның ішінде халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі аудандық (қалалық) немесе өңірлік комиссияның ұсынымдарын және тараптар қол қойған әлеуметтік келісімшартты жолдайды;
- өтініш берушіге мемлекеттік қызметті көрсету немесе көрсетуден бас тарту туралы алдын ала шешім жөнінде хабарлама жібереді. Хабарламада ҚР Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіне сәйкес алдын ала шешімге қатысты өз ұстанымын білдіруі үшін тыңдаудың өтетін уақыты мен орны да көрсетіледі.
Мансап орталығы алдын ала шешім жіберілген күннен бастап екі жұмыс күні ішінде өтініш берушінің оған қатысты қарсылығын қабылдайды.
Қағидалар мынадай жаңа тармақпен толықтырылды:
АӘК тағайындауды уәкілетті орган тиісті бюджетте осы көмекті көрсетуге көзделген қаражат шегінде жүзеге асырады.
Шартты ақшалай көмек табысы аз, еңбекке қабілетті жалғызбасты және жалғыз тұратын адамдарға, сондай-ақ құрамында еңбекке қабілетті мүшесі бар аз қамтылған отбасыларға ай сайынғы ақшалай төлем түрінде көрсетіледі. Олардың қатарына өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнаулы салық режимін қолданатын жеке тұлғалар да кіреді. Көмек еңбекке қабілетті адамның жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатысуы шартымен немесе әлеуметтік бейімдеу қажет болған жағдайда беріледі.
Шартты ақшалай көмек өтініш берілген айдан бастап ағымдағы тоқсанның соңына дейін тағайындалып, ай сайын төленеді.
Сонымен қатар қағидаларға АӘК төлеуді тоқтатудың мынадай негіздері енгізілді:
- өтініш берушінің қайтыс болуы;
- өтініш берушінің басқа республикалық немесе облыстық маңызы бар қалаға, басқа ауданға не Қазақстан Республикасынан тыс жерге тұрақты тұруға көшуі;
- әлеуметтік келісімшарт талаптары мен жеке жоспардағы іс-шараларды, соның ішінде жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және жұмысқа орналасу шараларына қатысу жөніндегі міндеттемелерді толық орындамауына байланысты әлеуметтік келісімшарттың бұзылуы;
- АӘК-тің заңсыз тағайындалуына және төленуіне әкеп соққан жалған мәліметтер немесе дәйексіз құжаттар ұсыну.
Бұйрық 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
Источник: zakon.kz
Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!
Тағы да оқыңыздар:
-
09:58, 12 қараша 2026
Алматы полиция басқармасының экс-басшысының ісі қайта қаралып жатыр
-
09:47, 12 қараша 2026
Алдымен тамақ, содан кейін кісен: ұсталған жүргізушінің өтініші жұртты күлдірді
-
09:38, 12 қараша 2026
Оралда ерлі-зайыпты оқушы қызды зиратқа қарай күштеп алып кетпек болған
-
09:27, 12 қараша 2026
Қазақстандықтар әлеуметтік төлемдерден бас тарта бастады: Еңбек министрлігі жаңа деректерді жариялады
-
09:15, 12 қараша 2026
«Кыздар.нет» ісі: қылмыстық топқа қатысы бар деген күдікті Грузиядан Қазақстанға экстрадицияланды





