27 қарашада екпіні 30 м/с болатын жел мен қарлы боран соғады

17:52, 26 қараша 2026
MKZ: 1579926

© Фото: Zakon.kz

27 қараша, жұма күні, солтүстік-батыс циклон мен онымен байланысты атмосфералық фронттардың әсерінен Қазақстанның басым бөлігінде ауа райы тұрақсыз болады, деп хабарлайды Zakon.kz.

"Қазгидромет" РМК синоптиктерінің мәліметінше, ел аумағында жаңбыр мен қар түрінде жауын-шашын болады.

Қазақстанның оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында жауын-шашын мол түседі. Ал Жетісу облысы мен Алматы облысының таулы аудандарында қалың қар жауады.

Сондай-ақ метеорологтар желдің күшейетінін, көктайғақ пен түнде және таңертең тұман түсетінін ескертті. Бұдан бөлек, елдің солтүстік-батысында, солтүстігінде, оңтүстігінде және орталық өңірлерінде жаяу бұрқасын соғуы мүмкін.

Мамандардың мәліметінше, желдің екпіні мына өңірлерде ерекше күшейеді:

  • Павлодар облысының батысында, солтүстігінде және шығысында;
  • Абай облысының батысында, солтүстігінде және орталығында;
  • Шығыс Қазақстан облысының солтүстігінде, оңтүстік-шығысында және орталығында;
  • түнде Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Қарағанды облыстарының батысында, солтүстігінде және шығысында.
"Бұл өңірлерде желдің екпіні секундына 30 метрге және одан да жоғары жылдамдыққа жетуі мүмкін", – деп ескертті "Қазгидромет" РМК баспасөз қызметі.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!