Жеңіс күнінде ҰОС батырларының ерлігін есте мәңгі сақтауға бағытталған пилоттық жоба іске қосылды

17:00, 9 мамыр 2024

© Сурет: batyrlargatagzym.kz

2024 жылғы 9 мамырда ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі batyrlargatagzym.kz порталын іске қосты, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бұл туралы ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева өзінің ресми Facebook әлеуметтік желісінде мәлімдеді.

Жобаның негізгі мақсаты – әр батырдың тарихта лайықты танылуын қамтамасыз ету.

Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың "Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс" атты III отырысында атап өткендей, мемлекет соғыс жылдарында теңдесі жоқ жауынгерлік және еңбек ерліктерін жасаған отандастарымызды ел жадында сақтау бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде.

"Сайт әртүрлі ақпарат көздерінен жинақталған және Қазақстан халқының ерлігінің мәңгілік ескерткіші болып табылады. Пилоттық жоба 2023 жылы іске қосылып, азаматтық қоғам мен еріктілердің үлкен қызығушылығына ие болды. Сайттың функционалдық мүмкіндіктері кеңейтіліп, деректер толыққанды порталға жүйеленді. Бүгінгі таңда порталда 100 мыңнан астам қазақстандық ардагерлер туралы ақпарат бар. Ұлы Отан соғысының 80 жылдығына орай портал барлық ардагерлер туралы деректерді біріктіреді деп үміттенеміз",-делінген жазбада.

Сонымен қатар, министр әрбір қазақстандықты ҰОС ардагерлері туралы қосымша ақпарат беру арқылы бұл жобаға өз үлесін қосуға шақырды.

"Кез келген адам жеке отбасылық мұрағаттарда сақталған құжаттармен сайтты толықтыруға көмектесе алады. Бұл фотосуреттер, құжаттар, майданнан келген хаттар және басқа материалдар болуы мүмкін",- деп толықтырды Аида Балаева.

Бұл портал – Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің, Мемлекеттік архивтердің, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің, еріктілер мен азаматтық қоғамның бірлескен жұмысының нәтижесі.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!