Тараз қалашығында осы уақытқа дейін 50 мыңнан астам көне зат табылған

20:19, 18 тамыз 2017

Жамбыл өңіріндегі 7 тарихи-мәдени нысан Қазақстанның 100 қасиетті орындарының тізіміне енді. Солардың бірі – көне Тараз қалашығы.

Біраз жылдан бері онда археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп, мыңдаған құнды жәдігер табылған. Ол дүниелер талай жылғы тарих жайлы тың мәлімет алып, бәймәлім болып келген жәйттардың бетін ашуға мүмкіндік бермекші.  Негізінде, археологтар көне қалашықтың орнын алғаш 1890 жылы зерттеп бастаған. Бірде тоқтап, сосын қайта жалғасқан жұмыстар жалпы алғанда 24 жылды құрайды. Ал 2011-жылдан бері мамандар шаһарды жіті зерттеуге мықтап кірісті. Осы уақытқа дейін бұл маңнан 50 мыңнан астам түрлі заттар мен бөлшектер табылған.

Тәкен Молдақынов, «Ежелгі тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық-мұражайының директоры:

-Жәдігерлерге қарап, кешегі ата-бабаларымыздың кім болғанын, қандай өнерді меңгергенін, болмыстың қандай заңдылықтарын игергенін, олардың әсемдікке деген көзқарасы, сұлулыққа деген көзқарасы қандай деңгейде болғанын анық, айқын сеземіз, сезіп те отырмыз. 21-ғасыр ұйықтап жатқан ұлы болмыс ашылды деп есептейміз.

Археологтар жұмыс жүргізетін аумақ 6 гектарды құрайды. Әзірге мамандар көне қаланың төрттен бірін қазып үлгерді. Ол жерден медресе, тұрғын жайлар мен 11-12-ші ғасырлардағы көне моншаның орны табылған.

Руслан Боранбаев, археолог:

-Соңғы екі жылда көне қаланың орталық бөлігінде қазба жұмыстары жүргізілуде. Ол жерден тұрғын үйлердің орындары табылды. Орталық көшенің бойын белгіледік. Шығыстан батысқа қарай бағытталған жол табылды. Одан бөлек, солтүстіктен оңтүстікке қараған 3 көше шықты.

Тараз Ұлы Жібек жолы бойында өте дамыған орталық болғандығын осы маңнан табылған құнды жәдігерлер айғақтайды. Аса шеберлікпен жасалған көне бұйымдар қаз-қалпы сақталған. Ал түрлі кезеңдерді қамтитын мыңнан астам тиындар сауда қатынастарының мықты болғандығын көрсетеді. Көне заттың барлығы осындағы мұражайда сақтаулы тұр. Ондағы ең құнды экспонаттың бірі – зергерлік бұйымдар. Екі жыл бұрын табылған көмбеден бағалы металлдардан жасалған 92 түрлі зат шыққан.

Ақжан Орозбақова, тарихшы-этнограф:

-Алтынан жасалған сырғалар, білезіктер, қола, күмістен жасалған білезіктер. Қазіргі біздің бұйымдармен салыстыратын болсақ, жасаған жұмысы өте ерекше болып саналады.

Археологтар көне қаланың орнынан әлі талай құнды жәдігер шығатынына сенімді. Сондықтан күн жылы кезде мұндағы жұмыстар жоғары қарқынмен жүргізілуде. 

Авторлары: Нұржан Мергенбай, Бақытжан Бапаев

Источник: khabar.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!