Маңғыстау облысында құм көшкінін тоқтату жұмыстары қарқын алды

11:25, 17 сәуір 2026

© Сурет: pixabay

Маңғыстау облысындағы Сенек ауылында құм көшкінінің алдын алу мақсатында ауқымды экологиялық жоба жүзеге асырылуда. Соңғы деректерге сәйкес, елді мекен аумағына шамамен 45 мыңға жуық сексеуіл мен жүзген отырғызылған.

Жоба аясында өсімдіктердің жерсінуін қамтамасыз ету үшін құмның етегіне кепкен қамыс төселіп, арнайы қорғаныш белдеулер жасалуда. Бұл әдіс жаңадан егілген көшеттерді құм басып қалудан қорғауға бағытталған, деп жазады qazaqstan.tv.

Сенек ауылы облыс орталығынан шалғай орналасқан, мұнда 1700-ге жуық түтін бар. Елді мекен бір жағынан таумен, екінші жағынан кең құмды алқаппен шектеседі. Мамандардың айтуынша, қозғалмалы құм жолағының ұзындығы 8 шақырымнан асады.

Бұған дейін құм көшкінінің салдарынан ауыл маңындағы кейбір бейіттер, ескі мектеп пен тұрғын үйлер зардап шеккен. Осыған байланысты 20 жыл бұрын алғашқы сексеуіл отырғызу жұмыстары басталған болатын. Қазіргі жоба сол бастаманың жалғасы ретінде іске асуда.

Агроном Оңғарбай Оңдасынның айтуынша, құмның жылжуы оның ұсақ, шаң тәрізді құрылымымен және тұрақты жел әсерімен байланысты. Сондықтан шөптесін және бұталы өсімдіктер отырғызу арқылы құмды бекіту көзделген.

Ал ауыл тұрғыны Разғали Құлпыбаевтың пікірінше, соңғы жылдары жүргізілген жұмыстардың нәтижесі байқалып, құмның ілгері жылжуы баяулаған.

Жоба 5 жылға жоспарланған. Жалпы көлемі шамамен 100 гектар аумақты қамтиды. Мамандар сексеуіл мен жүзген толық бейімделіп, тамыр жүйесін қалыптастырғанға дейін аумақты тұрақты бақылауда ұстамақ.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!