Атырауда қарақұрт малды шетінен қырып жатыр

20:51, 3 шілде 2024

© Сурет: видео скрині

Атырау облысының Индер, Исатай және Құрманғазы аудандарында қарақұрт қаптауына байланысты ветеринариялық емдеу іс-шаралары жүріп жатыр. Жәндіктер 397 түйені шағып үлгерген, деп хабарлайды Zakon.kz AtyrauPress-ке сілтеме жасап.

Атырау облысы ауыл шаруашылық және жер қатынастары басқармасының ресми өкілі Ақтілек Нұроллаеваның айтуынша, зиянкес шаққан 397 түйенің 63-і өлген.

"Облысқа қарасты құмды өңірлерде осы улы жәндіктердің көбеюі байқалуда. Осындай 217 бас түйеге симптоматикалық ем жасалды. Қалғанына ем-дом әлі жалғасып жатыр. Ауырған және аурудан өлген жануарлардың қанынан сынама алынып, облыстық ветеринариялық зертханаға тапсырылды. Зерттеу жүргізілуде, нәтижелері туралы қосымша хабарланатын болады. Сондай-ақ, мал иелеріне улы жәндіктер көп тараған жайылымда түйе,жылқы және сиыр малдарын жаймауды, ауру белгілері білінсе, жедел түрде хабарлауды сұраймыз", - деді ол.

Қазір зиянкес Индер ауданының Өрлік, Көктоғай, Есбол және Елтай ауылдарын қаптады. Қарақұрт шаққан 81 бас мал емделді, 10-на ем-дом жалғасуда. 23 мал, оның ішінде 17 түйе, 1 жылқы және 5 құлын қырылып қалды. Улы жәндік ауыл тұрғындарын да шаққан. Бұл туралы Индер ауданы әкімдігінің ресми өкілі Әли Жайшылық айтты.

Алғашқы жағдай 29 мамырда тіркелді. Барлығы 9 адамды шаққан, оның жетеуі - ересек адам және екеуі мектеп оқушысы. Балалар 7 және 15 жаста. Казірдің өзінде 8 ауыл тұрғыны стационарлық ем алса, 1 адам амбулаторлық ем қабылдап жатыр. Ал біреуі ауруханаға барудан бас тартты. Ауруханаларда қарақұрт уына қарсы дәрі жеткілікті, - деді Әли Жайшылық.

Айта кетейік, емдік шаралардың ақысы мен өлген малға өтемақы төлеу қарастырылмаған.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!