Атырау облысында кене қаптады: шаруалар төрт түліктің жаппай қырылып жатқанын айтып дабыл қағуда

16:10, 4 сәуір 2025

© Сурет: Атырау облысының тұрғыны Бек Капуанов

Атырау облысының Құрманғазы ауданында зиянкестер қаптады. Кенелер кең даланың киесі киіктерді қанап, енді төрт түлік малға көшкен, деп хабарлайды Zakon.kz.

Құрманғазы ауданының шаруалары денесінде кене өріп жүрген құралайдың бейнесін жариялады. Онда даланың киесі әлсірегені сонша, орнынан тұра алмай жатыр. Енді төрт түлік иелері шұғыл шара қабылданбаса, таяуда малдың да түгі қалмайды деп алаңдап отыр.

"Бұл біз бетпе-бет келген нағыз апат. Әкімдіктен де, ветеринарлық қызметтен де қайыр болмай тұр. Қанша қоңырау шалғаныммен, телефондарына жауап бермейді. Кенелердің шабуылы қыста басталған болатын, ол кезде біз өз қаражатымызға вакцина сатып алып, еккен болатынбыз. Бір екпе 11 мың теңге тұрады. Қазір жағдай бақылаудан шығып кетті. Буаз малдарды вакцинациялауға болмайды. Оларды бүріккішпен немесе арнайы ерітінділермен жуу арқылы өңдеу керек, алайда бір күннен кейін кене қайта қаптап тұр. Жылқылардың басы қырылып бастады. Енді тірі қалған жануарлар үшін алаңдап отырмыз. Оның үстіне биыл жаңбыр айтарлықтай жаумады. Айналаның бәрі шаң-топырақ, ал біз бүкіл облысты етпен қамтамасыз етеміз. Неліктен жергілікті билік назар аудармайды? Біз ғой амалдап отырмыз, дегенмен кез келген адамның бұған шамасы келе бермейді",- деп шағымданды ауыл тұрғыны Бек Капуанов.

Zakon.kz тілшісі Құрманғазы ауданы әкімінің кеңесшісі Ернар Боранғалиевке түсініктеме алу үшін жүгінді. Оның айтуынша, жағдай бақылауда, кенелердің жаппай шабуылы жоқ және өліп жатқан ақбөкендердің саны шаруалардың желіде айтып жатқан сандарынан әлдеқайда аз.

"Бүгін жұмыс тобы, оның ішінде Атырау мен Астанадан келген мамандар сигнал келіп түскен Құрманғазы ауданы Азғыр ауылына жіберілді. Сондай-ақ бізге Батыс Қазақстан облысынан арнайы жасақ келе жатыр. Олар даладағы киіктердің өлексесін жинайды. Негізінен жағдай шаруалар айтқандай күрделі емес. Иә жануарлар өлді, кенелер бар, бірақ сіз ойлағаннан тіптен аз",- деді Ернар Боранғалиев

Бұған дейін Абай облысында бруцеллездің өршуіне байланысты карантин жарияланғаны хабарланған болатын.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!