Вирус ошағы – Уханьдағы жабайы жәндіктер базары ма

12:55, 28 қаңтар 2020
1065

Коронавирустың ошағы – Ухань қаласындағы сырттан аулап әкелінген жабайы жан-жануардың көтерме базары. Мұнда ұшқан құстан – жорғалаған жылан мен кезінде оба ауруын таратқан кеміргіштердің түр-түрі сатылады. Індеттің ошағы табылғанымен, оның жабайы мақұлықтардың нақты қайсысынан тарағаны әлі анықталған жоқ. Бірқатар ақпарат көздері, аталған вирус осы маңдағы мейрамхананың бірінде жарқанат жеген бір келіншектен тарағанын жазып, әлгі адамның жарқанатпен тамақтанып отырған видеосын таратты, деп жазады желіде журналист Ертай Нүсіпжанов.

Қытайдың шаған мерекесімен қабат келген індет, елді әбден сансыратып жатыр. Өйткені бұл уақыт, қытайлықтардың әр түкпірден туған отбасына оралып, ет жақындарымен қауышу үшін миллиондаған адамдардың абыр да сабыр жол жүретін кезі. Тиісті шешімдердің дер кезінде қабылданбағаны, вирус кең етек жайюының басты себептерінің бірі болды. Ухань қаласының әкімі келтірген дерек бойынша, қаланы оқшаулағанға дейін 5 миллион адам қаладан, 4096 уаханьдық шетел асып үлгерген. Соның салдарынан дәл қазіргі ресми дерек бойынша, Қытайда, 4547 адам вирус жұқтырып, ауру жұқтырған деген күдікпен 6973 адам тіркеліп, 106 адам мерт болған. Ал осы диагнозбен 201 адам Тайланд, Сингапур, АҚШ, Австралия, Жапония, Малайзия, О.Корея, Франция, Ветнам, Канада, Непал, Камбоджа, Германия, Шри-Ланка елдерінде анықталған. Алайда, бейресми ақпарат көздері вирус жұқтырған адамдар мен қайтыс болғандар санының әлдеқайда көп екенін, тіпті 100 мыңнан асқаны туралы жазып жатыр.

Қазіргі уақытта әр провинция мен ірі мегаполистерде жолаушы тасымалдайтын көлік қызметтері уақытша тоқтатылды. Тексерулер күшейтілді. Бірақ, індет күн өткен сайын кең етек жайып жатыр. Жергілікті халық Ухань қалалық билікті дер кезінде дабыл қақпағаны үшін кінәлауда.

Бірқатар дереккөзіне сүйенсек, дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, ҚХР билігі берген деректерге сүйеніп, ғаламдық төтенше жағдай жариялау әлі ерте деп есептейді. Егер төтенше жағдай жарияланса, онда Қытай эндемичтік (жеке) мемлекет деп танылып, барлық елдермен бүкіл қарым-қатынас тоқтайды. Індет аумағынан өткен деген себеппен, кез келген логистикалық қызметтер де уақытша тоқтатылатын болады. Бұдан кейін, вирус ауыздықталған күннің өзінде, Қытай зардап шеккен ел ретінде танылып, экспорттық тауарлары әлемдік нарықтан шеттетіледі. Сөйтіп, Қытай экономикасына едәуір соққы болатыны анық.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!