Түркияның Жоғары сайлау кеңесінің шешімі дау тудырды

19:02, 17 сәуір 2017

Түркияда конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша өткен жалпыхалықтық референдумның алдын ала нәтижесі шықты. Мемлекеттік «Анадолы» ақпарат агенттігі таратқан мәліметке сүйенсек, саяси науқанға сайлаушылардың 85,2 пайызы қатысып, оның 51,4 пайызы конституциялық реформаны жақтап дауыс берген.

Ержан Жүніс, тілші: 

-Референдум нәтижесі елдегі оппозициялық партиялардың ойынан шықпады. Олардың айтуынша, сайлаушылардың ең кемі 50 пайызы конституциялық өзгерісті қолдаған жоқ. Республикалық халық партиясының төрағасы Кемал Кылычдароглы мөрі басылмаған бюллетендерді санаққа алғаны үшін Жоғары сайлау кеңесіне шағым түсірді. Өйткені сайлау заңы бойынша, мөрі жоқ бюллетендер жарамсыз деп есептелуі тиіс. Қазір бұл мәселе төңірегінде қызу талқылау жүріп жатыр. Бұл жағдай референдум қорытындысына қаншалықты әсер етті, Орталық сайлау комиссиясының шешімі заңға томпақ емес пе? Қарапайым халықты толғандырып отырған осы сауалдарға жауап алу үшін Ыстамбұл универсиеті заң факультетінің профессоры Ферман Демирколдың пікірін сұрадық. 

Ферман Демиркол, Ыстамбұл универсиетінің профессоры:  

-Комиссия мүшелерінің салғырттығынан кейбір бюллетендерге мөр басылмағаны анықталды. Алайда бұл референдум қорытындысына әсер ететіндей жағдай емес. Өйткені бюллетендер сырттан келген жоқ, Жоғары сайлау кеңесі таратқан. Мұнда ең маңыздысы – халықтың сайлау учаскелеріне келіп, дауыс беруі. Елдің таңдауына құрметпен қарамауымыз қажет.

Жүргізуші: 

-Түркия Ата заңына енгізілген өзгерістердің өзегі – елдің президенттік басқару жүйесіне көшуі. Жаңартылған Конституция Президент құзыретін қаншалықты кеңейтеді?

Ержан Жүніс, тілші: 

-Конституцияда 18 бапқа өзгертулер мен толықтырулар енгізілді.  Оның аясында мемлекет басшысының құзыретін күшейту қарастырылған. Яғни жаңашылдық президентке жарлық шығаруға, үкімет құрамын жасақтау мен Парламентті таратуға, партиядағы саяси мансабын жалғастыруға және төтенше жағдай жариялауға мүмкіндік береді. 

Шүкру Шайын, Ыстамбұл қаласының тұрғыны:  

-75 жасқа келдім. Талай қиындықтар басымыздан өтті. Күні кеше дәріханадан дәрі-дәрмек алуға ұзын-сонар кезекте тұратын елдің әлеуметтік жағдайы мүшкіл еді. Ал қазір мемлекетіміз етек-жеңін жиып, жыл сайын өсіп, өркендеп келеді. Сондықтан біз ел тізгінін мықты көшбасшымызға сеніп тапсырдық.

Жоғары сайлау комиссисяның төрағасы Сади Гювен, референдумның ресми қорытындысы келіп түскен арыз-шағымдар қарастырылып болған соң, 10-12 күн аралығында жариялатынын хабарлады. Бұл ретте саяси науқан жайлы халықаралық байқаушы ұйымдар өз бағаларын берген жоқ.

Источник: khabar.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!