Тургистан: өз халқын өлтіре жаздаған диктатор туралы кино шықты

12:15, 10 қаңтар 2020

2006 жылы шығып, Қазақстанды әлемге жаман мемлекет етіп көрсеткен "Борат" фильмін ұмыта бастағанымыз сол еді, қазақстандықтардың ашуын туғызатын тағы бір кино шықты, деп жазады ZTB.kz.

Netflix платформасында америкалық режиссер Майкл Бэйдің "6 Underground" (орысшаға "Призрачная шестерка" деп аударылған) фильмі пайда болыпты. Онда "Тургистан" деген ойдан шығарылған мемлекет көрсетіледі.

Кинодағы Тургистан дегені біздің Түркістанға тым ұқсас екені айдан анық.

Фильмнің сюжетіне келсек, бір ірі мемлекетте Ровач Алимов деген диктатор тұрады. Ол диктатор химиялық қару мен әскери авиация көмегімен өз халқын қырып тастауға тырысады. Әне-міне жер бетінен құрып кетейін деп тұрған шарасыз тургистандықтарға АҚШ-тың миллиардері көмекке келеді. Миллиардер рөлін танымал актер Райан Рейнольдс ойнайды.

Бұл масқараны көрген Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов Facebook-те америкалық кинорежиссер Майкл Бэйге жолдау арнады:

"Бұл постты Түркістан мэрі атынан жазып отырмын. Сіздің соңғы "6 Underground" фильміңіз үшін алғыс айтамыз. Фильмдегі "Тургистан" мемлекетінің атауы біздің қаламыздың атауына ұқсас. Қазақстанда Түркістан деген қала бар. Фильмдегі "Тургистанды" көргеннен кейін әлемдегі миллиондаған адам біздің қаламыз туралы жаман ойлап қалуы мүмкін. Біздің Түркістан қаламыз "6 Underground" фильмінде бейнеленген "Тургистанға" мүлдем ұқсамайды. Біздің қаламыз - еліміздің рухани астанасы", - деп жазып қойды Рашид Аюпов.

Америкалықтар бұл хатқа әзірге жауап берген жоқ.

Айта кетсек, танымал режиссерге қазақтармен бірге түркімен халқы да ренжіп отыр. Түркіменстан билігі "Тургистан" деген атау түркімен мемлекетін меңзеп отыр деп ойлайды. Өйткені фильмдегі Тургистанның мемлекеттік рәміздері түркімендікіне ұқсас, сосын диктатордың есімі де Ровач. Ровач деген шын өмірде Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердымухамедовтың сүйікті сәйгүлігі. Фильмдегі мемлекеттің валютасы да сондай – манат деп аталады екен.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!