Трампқа импичмент жарияланбақ. АҚШ-та не болып жатыр өзі?

16:30, 25 қыркүйек 2019
797

Зеленскиймен телефон арқылы сөйлескен Трамптың басы бәлеге қалды. Иә, сол телефон әңгімесін тиек еткен конгресмендер президентке импичмент жариялаймыз деп айбат шегуде. Жәй емес, шындап кірісіп жатыр, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бүгін АҚШ Конгресіндегі демократтардың басшысы, Палата спикері Ненси Пелоси қазіргі президентке импичмент жариялануы мүмкін екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, осы сипатта қазір тергеу басталып кеткенге ұқсайды. Формальды түрде бұған Трамп пен Зеленскийдің екеуара телефон арқылы айтқан сөздері негіз екені айтылды. Трамп қаржылай көмек көрсеткені үшін Украина билігінен АҚШ-тың бұрынғы вице-президенті Джо Байденнің сыбайлас жемқорлыққа қатысы болуы мүмкін іс тергеуіне қатысуға шақырғанға ұқсайды. Әзірге ,белгілісі осы. Оның үстіне Трамп импичменті туралы алып-қашпа сөз қор нарығына да әсер етіп, биржадағы бағаларды "құлатуда".

Бұль ретте АҚШ-та тұратын қазақ кәсіпкері Тимур Сейітмұратов Facebook-тегі парақшасында жазба жариялап, мынандай деректерді алға тартады.

"Бұл арада мына нәрсені жақсы түсініп алуы керек. Біріншіден, Трамптың жеке адвокаты Рудольф Джулиани Байденге қатысты дерек жинауда шынымен де бір бұлтартпас фактілерді тапқан секілді. Бұған дейін ол әлеуметтік желіде Байденнің баласы Украинадан 3 млн доллар, Қытайдан 1,5 млрд доллар ақша алып, оны белгілі бір қор арқылы жылыстатқанын жазған. Осыдан соң Джулиани тағы бір "бомба" болатын мәліметті алда жариялаймын деп қоғамды елеңдетіп қойған.

Екіншіден, демократтардың импичмент туралы сөз шығарып, жұртты дүрліктіруін елдің назарын басқаға аудару деп түсінген дұрыс шығар. Әйтпесе ол телефондағы әңгімені ешкім естімеген, ешкім білмейді де. Олар алдағы президент сайлауы алдында өз партиялары атына кір келмесін деп жанталасып жатқан секілді. Демократтардың мақсаты – импичмент деген даурықпа әңгімемен жемқорлық жайын ұмыттыру жіберу. 2020 жылы - сайлау, уақыт аз, кететін Трамп онсыз да кетеді. Оған импичменті жариялап, оның тергеуге босқа ақша жұмсау, әрине ақылға сыйымсыз.

Үшіншіден, демократтар Трампқа импичмент жариялау керек дегенді ол президент болғалы айтып келеді. Олар арнайы прокурор Мюллердің тергеуіне көп үміт артып еді. Трамп "Ресеймен ауызжаласты" деген айып тағылған ол кезде. Түк шықпады ғой одан. Демократтардың ештеңесі кетпеді, ал сол істі тергеуге салық төлеушілердің 35 млн доллары жұмсалды. Одан бөлек 2 жыл бойына саяси тұрақсыздық орын алды соның салдарынан, бұл әлемдік аренадағы АҚШ бақталастары үшін жақсы нәрсе болды.

Төртіншіден, импичмент деген ұзақ мерзімді қажет ететін көп сатыдан тұратын процедура. Одан соң, ең соңғы шешімді Сенат шешеді. Ал Сенатта демократтан гөрі республикашылар көп. Сондықтан бұл істің сәтті аяқталуы өте күмәнді.

Бесіншіден, бүгін Трамп Зеленскиймен арада болған телефон әңгімесін көпшілікке жариялауды бұйырды. Соған қарағанда АҚШ президентінің жасыратын ол арада түгі жоқ. Сондықтан бұл да Мюллердің шатпағы секілді тынуы мүмкін.

Алтыншыдан, демократтар импичмент туралы айтқан сайын Трамптың рейтингі жоғарылай түсуде. Бүгін The Washington Post Трамп рейтингісінің күрт артқанын жариялады: 42 проценттен 55 процентке дейін.

Бұдан шығатын қорытынды: АҚШ-тағы президент сайлауы алдындағы дода ашық тартысқа көшті. Бәске тігілігені – әлемдегі ең мықты держава билігінің тізгіні. АҚШ ішіндегі тартыс – билік үшін ғана тартыс емес, ол бүкіл әлемге әсер ететін әртүрлі идеялар тартысы. Сондықтан алалау, қаралау, аяқтан шалудың көкесі әлі алда секілді" делінеді жазбада.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!