Тағы екі зертхана Навальныйдың уланғанын дәлелдеді

16:21, 14 қыркүйек 2020
432

Франция мен Швециядағы тәуелсіз зертханалар ресейлік оппозиционер Алексей Навальныйдың "Новичок" тобына жататын затпен уланғанын дәлелдеп, бундесвер зертханасы мамандарының қорытындысын растады, деп хабарлайды zakon.kz centralasian.org-ке сілтеме жасап.

Бұл туралы дүйсенбі күні Германия үкіметі хабарлады.

"Бір-біріне тәуелсіз үш зертхана Навальныйдың "Новичок" тобына жататын затпен уланғанын дәлелдеді" делінген ГФР үкіметінің сайтында жарияланған мәлімдемеде.

Германия үкіметі Навальный ағзасында табылған затты Химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі ұйым мамандарына берді. ХҚТҰ мамандары оны өз зертханаларында тексереді.

"Біз Ресейден не болғанын түсіндіруін тағы да сұраймыз. Біз еуропалық әріптестерімізбен тығыз байланыс орнатып, әрі қарай не істеу керектігін талқылап жатырмыз" делінген хабарламада.

Ресей билігі түсініктеме бермесе, Германия мен оның әріптестері шара қолдану мәселесін қарайды. Германия сыртқы істер министрі шараның "Солтүстік ағым-2" газ құбыры жобасына қатысы бар болуы мүмкін екенін айтты.

Ресми Мәскеу Навальныйға у берген дегенді жоққа шығарып отыр. Дегенмен Ресей Германиядан Навальныйдың денсаулығы туралы мәлімет беруді талап етіп, Берлинді тергеу жүргізуге қатысқысы келмейді деп айыптады. Алайда Ресейде саясаткердің улануына қатысты қылмыстық іс қозғалмады.

Навальный 20 тамызда Омск ауруханасына түсті. Саясаткер Томск қаласынан Мәскеуге ұшып бара жатқан ұшақ бортында есінен танып қалған. 22 тамызда науқасты Берлинге жеткізді. Өткен аптада саясаткер комадан шыққаны хабарланды. Навальный жақтастары саясаткерді Ресей билігінің бұйрығымен улаған деп отыр.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!