Солтүстік Корея осы айда ядролық сынақ өткізуі мүмкін

17:52, 24 наурыз 2017
521

Оңтүстік Кореяның Қорғаныс министрлігінің өкілдері осындай ақпар жариялады.

Ал мұндай әрекеттің соңы неге әкелуі мүмкін? 

Бұдан Солтүстік Кореяның ұтпасы анық. Сарапшылар: «Пхеньянға Халықаралық қауымдастық тарапынан қосымша санкция салынуы мүмкін», – дейді. 

Солтүстік Корея билігі ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ. Әйтсе де, Пхеньянның мұндай қадамға баруына не себеп? 

Солтүстік Корея ядролық қаруды жер астында жарып көрмек. Бұл сынақты кез келген уақытта өткізуі мүмкін. Тек ел басшылығының тиісті шешімін күтіп отыр. 

Оңтүстік Кореяның әскерилері осындай ақпар жариялады. Мәліметтері бойынша, ол үшін арнайы полигон да дайын тұр. 

Солтүстік Корея 2006 жылдан бері ядролық қаруын 5 рет сынап көрді. Талай рет баллистикалық зымыран да ұшырған еді. Ел билігінің мәлімдеуінше, ұлттық мүддені қорғау үшін ядролық сынақ өткізуге мәжбүр.

Ал Лондонда террорлық шабуылдан 50 адам жарақат алды. Мұны шаһар полициясы хабарлады. 

Соңғы ақпарға сай, қаралы тізім 4 адамға жеткен. Өткен түні ауруханада 75 жастағы қария жан тапсырды. 

Сонымен қатар қылмыскердің аты-жөнін өзгерткені де анықталды. 52 жастағы Халед Масуд бұрын Адриан Элмс болған. Осыған дейін екі рет сотталған. 

Бірақ терактіге қатысты ешқашан айыпталған емес. Әйтсе де, лаңкестік ұйыммен байланысы болуы мүмкін.  

Қазір полиция оның сыбайластарын іздеп жатыр. 

Бүгін тағы екі адам тұтқындалды. Осылайша бас-аяғы 9 күдікті қамауға алынған. 

Еске салайық, 22-наурызда көлікке мінген күдікті адамдарды қағып, жолын бөгемек болған полицейді пышақтап өлтірді. Қайғылы оқиға дәл Парламенттің жанында болған. Лондон тұрғындары теракт құрбандарын еске алып, орталық алаңға жиналды. Гүл шоқтарын қойып, шырақ жақты.

Австрия билігі болса, елден кеткен босқындарға екі есе көп қаражат төлейтін болды. 

Бірақ туған жерге оралу туралы шешімді өз еркімен қабылдауы тиіс. Алғашқы 1 мың мигрантқа мың доллардан беріледі. 

Сонымен қатар жол шығынын да өз мойнына алады. Осылайша 2019-шы жылға дейін 50 мың босқынды өз еліне қайтармақ. Өткен жылы Австриядан 11 мыңдай босқын туған жеріне оралған.

Бүгін мұнай қымбаттай бастады. Бұған Сауд Арабиясы Энергетика министрінің мәлімдемесі себеп. 

Айтуынша, ресми Эр-Рияд АҚШ-қа қара алтын экспортын қысқартатын болады. Нәтижесінде бүгін Брент маркалы мұнай 0,5 пайызға қымбаттап, барреліне 51 доллар төңірегінде саудаланды. 

ОПЕК елдері мұнай өндірісін қысқартқанымен, қажетті нәтижеге қол жеткізе алмаған сияқты. Мұнай экспорттаушы елдер өндірісті шектегенімен, АҚШ арттырып отыр. Салдарынан мұнай бағасы құбылып тұр.

«Мұнай бағасының құлдырауына жол бермеу үшін қара алтын өндірісін шектеу туралы шешімді жылдың соңына дейін созуы мүмкін», – деп топшылап отыр сарапшылар. 

Былтыр мұнай экспорттаушы елдер тек жылдың ортасына дейін тәулігіне 32 жарым млн баррельден артық мұнай қазбайтын болып келіскен еді.

Источник: khabar.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!