Сирияда азамат соғысы жүріп жатқан кезде халықтың саны 5 миллионға кеміген

20:00, 20 қаңтар 2017

Алдағы аптада Астана әлем көз тігетін үлкен саяси аренаға айналады. Егемендік жылдары біздің ел экономикалық, әлеуметтік тұрғыдан талай белеске көтерілді. Бірақ бұл биігіміздің орны бөлек болатыны даусыз. 

Сириядағы шиеленісті шешу үшін жиналатын сарапшылар, ресми билік пен оппозиция өкілдері қандай келісімге келуі мүмкін? Біз оларға нендей жағдай жасадық? 

Әбдез Рахманұлы, тілші

-Біздің ел арағайын болып жатқан мына жағдайға қарап, бейбіт Қазақстанда өмір сүріп жатқаныма мен өзімді бақытты санаймын. Сирияда да бейбіт өмір қалыптасады дегенге сенемін. Ондағы соғыстың жалғаса беруі мүмкін емес. 

Мынадай адам шошытатын цифрларды мәлімет ретінде келтірейін. 2011 жылы Сирияда 22 миллион 517 мың адам тұрған екен. Азамат соғысы жүріп жатқан кезде сириялықтардың қатары 5 миллионға кеміпті. Қазір онда 17 миллион 401 мың азамат тұрып жатыр. 

Сириялықтардың көбі Отанын тастап, босып кетті. Соғыста 250 мыңнан аса адам қаза тапқан. 11 миллионы баспанасыз қалды. Бейбіт өмір арманға айналды. Бірақ қол жетпейтін емес. Екі жақтың келісімге деген алғашқы ірі қадамы Астанада жасалады деп күтіліп отыр. 

Оппозиция өкілдері мен ресми билік біз дайындаған бір стөлдің басында кездеседі. Сарапшылар деңгейіндегі басқосуда барлығы бірден мәмілеге келеді, келісе кетеді деп ойлауға ерте. 

Дегенмен пікірлерін бір нүктеге тоқайластыруға, көзқарастарын жақындатуға ұмтылыс болады. Сосын оппозияның арасында да әлі толық өзара түсіністік жоқ. Сарапшылық деңгейдегі кездесу келесісіне, одан да жоғарысына негіз қалайды. 

Жанар Медеубаева, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты

-Бұл жерде эксперттердің атқаратын сараптамалық жұмысы оппозиция үшін белгілі бір тұжырымдық, көзқарастық алаң дайындап беруі керек. Және де ресми үкімет пен оппозиция арасында мүмкін болатын белгілі-бір қатынастардың, белгілі-бір ымыраның тұжырымдамалық негізін дайындап беру керек.

Арағайындыққа Астана жайдан жай таңдалған жоқ. Өткен көктемде Сирия оппозициясы осында өздері бас қосқан. Астана алаңы олардың көңілінен шыққан секілді. 

Осы тұрғыда «Парасат» жүйелі зерттеулер институтының директоры Нұрсұлтан Ахмедия мынадай пікір айтады.

«Астана процесінің форматы ең бірінші тараптардың нақты ұстанымдарын талқылау үшін келіссөздер қарастырады. Бұл жерден тараптардың нақты шешімдерге қол жеткізуге дайындығы мен жігерін аңғаруға болады. Астана процесі Женева форматының қарқынын күшейтпек», – дейді  Нұрсұлтан Ахмедия.

Біздің елдің халықаралық беделі биік. Өйткені бейбіт бастамалары көп елдің қолдауына ие болды. Ажыраған ағайынды бітімгершілікке шақыратын тәжрибеміз де мол. 

Төлеутай Сүлейменов, Дипломатия институтының директоры, 1991-94 жылдары ҚР Сыртқы істер министрі

-Президенттің абыройы өте үлкен. Екінші жағынан «бітімгер» дейді ғой, әлемде соғыс конфликтілері болғанда жақындатып, Украина болсын, Таулы Қарабақ болсын, біздің Президент өзі сондай жүкті алып, кездестіріп, жақындастырып, шартқа қол қойғызып, тындыртты ғой.

Сириядағы шиеленісті тарқату үшін Астанада өтетін кездесуде әлемдегі алпауыт мемлекеттер мен түрлі топтардың мүдде таласы бір жерге тоғысады. Сол себепті де бұл оңай шешіле қалатын мәселе емес. 

Дегенмен солардың барлығының басын бір жерге тоқайластырып, қамшысын ортаға тастап, мәмілеге шақырған кездесуді Ұлы дала дипломатиясының жеңісі деп қарауға толық негіз бар.

Источник: khabar.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!