Шартарап: Жапонияда аптап ыстықтан 700 адам зардап шекті

21:53, 20 маусым 2017
720

Париждегі Елисей алаңында полицейлерге шабуыл жасалды. Автокөлік құқық қорғау қызметкерлерінің фургонына соғылып, отқа оранды.

Меруерт Жақан, тілші:

-Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, бұл – әдейі жасалған қастандық әрекет. Көліктен Калашников автоматы мен газ баллоны табылған. 31 жастағы жүргізуші бұған дейін полиция мен арнайы қызметке белгілі болған. Ол оқиға орнында жан тапсырды. Қаскөйдің үйін тінтігенде қару-жарақ пен оқ-дәрі табылды. Францияда соңғы екі жылда болған бірнеше лаңкестік әрекеттерден кейін төтенше жағдай режимі сақталып тұр.

Малидегі демалыс орнына жасалған шабуыл үшін жауапкершілікті «Әл-Каидаға» қатысы бар лаңкестік топ мойнына алды. Еске салсақ, 18 маусым күні қаруланған қаскөйлер елдің шығысындағы демалыс орындарының біріне шабуыл жасап, 30-дан астам адамды тұтқындады. Соңғы мәліметтерге сай, бес адам қаза тапқан. Олардың екеуі – Мали азаматы, ал үшеуі – шетелдік турист.

Әлем бойынша 65 миллион 600 мың адам көшуге мәжбүр болған және өзге елдерден баспана сұраған. Бұл – бұрын болмаған рекордтық көрсеткіш. 2015 жылдағыдан 300 мыңға артық. Минут сайын баспанасын 20 адам тастап кеткен. Бұл – Біріккен Ұлттар Ұйымы босқындар істері бойынша агенттігінің мәліметі. Сириядан 5,5 млн-дай адам қоныс аударған. Одан кейін Ауғанстан мен Оңтүстік Судан. Босқындардың 55 пайызы – осы үш мемлекеттің тұрғыны. Мигранттардың 84 пайызын кедей және тұрмысы орташа  елдер қабылдаған.

Ал Жапонияда аптап ыстықтан маусымның 12-18 аралығында 700-ге жуық тұрғын ауруханаға түсті. Екі адам көз жұмды. Бұл туралы елдің төтенше жағдайлар қызметі хабарлады. Сондай-ақ алдыңғы апталармен салыстырғанда ауруханаға түскендер саны күрт артқан. Дені – 65-тен асқан қарт адамдар. Елдің басым бөлігінде ауа температурасы 30 градустан түспей тұр.

Источник: khabar.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!