Шартарап: Үндістандағы тойда қайғылы оқиғадан 25 адам қаза тапты

19:20, 11 мамыр 2017
652

Қытайда күші 5,5 жарым балдық зілзала тіркелді. Табиғи апаттың салдары қандай болды?

Меруерт Жақан, тілші: 

-Зілзала бүгін Шыңжаң Ұйғыр автономды аймағында болды. Ол аумақта жерасты дүмпулері жиі болып тұрады. 

Күші 5,5 балдық зілзаланың ошағы Қашқар аймағы Тасқорған округінің шалғай жатқан ауданында болды. Жер сілкінісі салдарынан 8 адам қаза тапты. Тағы 20-дан астам тұрғын жараланған. Табиғи апаттан 180-нен астам ғимаратқа зақым келді. Жергілікті биліктің хабарлауынша, бірнеше адам із-түзсіз жоғалып кеткен. Қазір өңірде іздестіру-құтқару жұмыстары жүріп жатыр.

Сауд Арабиясы мен Дүниежүзілік банк Йемен халқына көмек ретінде 300 миллион АҚШ доллары көлемінде қаржы бөлді. Бұл келісім Эр-Риядта жасалды. Бөлінген ақша азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жұмсалады. Бұған дейін Біріккен Ұлттар Ұйымы Йеменде ашаршылықтың алдын алу үшін 2,1 миллиард АҚШ доллары қажет екенін мәлімдеген. Елде әр 10 минут сайын бес жасқа толмаған бір бала аштықтан немесе сапасыз медициналық қызмет салдарынан көз жұмады. Айта кетейік, Йемендегі азаматтық соғыс кесірінен 10 мыңнан астам адам қаза тапты. Қазір 18 миллионнан астам тұрғын гуманитарлық көмектің арқасында күн көріп отыр.

Францияның премьер-министрі мен министрлер кабинеті отставкаға кетті. Елдің Конституциялық кеңесі президенттік сайлаудың нәтижелерін ресми түрде бекітті. Мемлекет басшысы болып сайланған Э.Макрон үкіметтің жаңа құрамын алдағы аптаның басында жасақтайды. Ал 11-18-маусым күндері елде парламенттік сайлау өтеді. Сарапшылар алдағы парламенттік сайлау елде қалыптасқан саяси жүйені түбегейлі өзгертуі мүмкін екенін айтады. Бүгінде парламент құрамында «Алға!» партиясынан ешбір депутат жоқ. Бұл жаңа сайланған президенттің жұмысын қиындатып отыр.

Үндістанның Раджастан штатында үйлену тойы кезінде қабырға құлап, салдарынан 25 адам қаза тапты. 30-ға жуық қонақ жараланды. Қаза тапқандар арасында балалар бар. Қайғылы оқиғаға құмды дауыл себеп болған. Жергілікті билік өкілдерінің хабарлауынша, жарықтың болмауы құтқарушылардың жұмысына кедергі келтірген.

Источник: khabar.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!