Шарапова мельдониді жастайынан қабылдайтынын айтып, ағынан жарылды

17:57, 24 шілде 2020

Әлемнің бұрынғы бірінші нөмірлі теннисшісі Мария Шарапова мельдонийді қашаннан бастап ішкенін айтты. Осыған байланысты ол 2016 жылы 15 айға спорттан шеттетілген болатын, деп жазады "Чемпионатқа" сілтеме жасап vesti.kz.

Шарапованың айтуынша, ол бұл дәріні көп уақыттан бері ішіп келген.

"Кішкентай кезімде денсаулығымның дұрыс емес екенін байқадым. Сондықтан әкем маған Ресейден жеке дәрігер іздестірді. Біз АҚШ-та тұрғанымызға қарамастан, әкеме орыс тілінде сөйлейтін дәрігер тапқаны ыңғайлы болды. Өйткені олар бір-бірін оңай түсінетін еді. Ол бір дәрігер тапты. Өкінішке қарай, ол спортшылардың дәрігері болмай шықты. Біз бірнеше анализ жасадық. Сөйтіп ол дәрілер жазып берді. Ол дәрілердің ішінде милдронат та бар еді. Бұл дәріні Ресейде дәрігердің нұсқаулығынсыз-ақ сатады. Оны көпшілік аспирин секілді іше береді. 2006 жылдан бері мен милдронатты тұрақты ішіп жүрдім. Допингтен талай өттім. Бірақ ол кезде ештеңе шықпады. Дәл осылай 2015 жылға дейін жалғасты. 2013 жылы мен дәрігерімді ауыстырдым. Алайда милдронатты іше бердім. 2016 жылы бұл дәрі спортшылардың ішуіне рұқсат етілмеген таблеткалардың қатарына қосылды. 2015 жылдың соңында менеджерімнен рұқсат етілмеген дәрілердің жаңа тізімін қарап шығуын сұрадым. Бірақ ол қарамапты. Ол кезде менеджерімнің жеке проблемалары болыпты. Осылайша біз мельдонийдің тізімге енгенін байқамай қалдық", - деді Шарапова.

Айта кетейік, Шарапова "Үлкен дулыға" санатындағы турнирлерді бес рет жеңген. Ол "Үлкен дулыға" қатарына қосылатын ең үлкен төрт турнирді жеңіп алған әлемдегі он теннисші қыздардың бірі. Ресейлік ару биыл ақпан айында карьерасын аяқтағанын хабарлады.

Шарапова карьерасында 36 WTA турнирінде топ жарған. Одан бөлек, ол - 2012 жылы Лондонда өткен Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!