Санкт-Петербург метросындағы терактіге қатысты тоғызыншы күдікті ұсталды

18:00, 18 сәуір 2017

Ресейдің Федералдық қауіпсіздік қызметі Санкт-Петербургтегі жарылысқа қатысы бар тоғызыншы күдіктіні ұстады.

Мәскеу түбіндегі Одинцово ауданында қолға түскен 27 жастағы Аброр Азимов Қырғызстанда туғанымен, 4 жыл бұрын Ресей азаматтығын алған. Күдіктіден «Макаров» тапаншасы, жаңа ұялы телефон тәркіленді. «Тұтқындалған Азимов өзін өзі жарып жіберген террорист Акбаржон Джалиловтың сыбайласы болуы мүмкін», - дейді құқық қорғаушылар. 

Түркияда ұлттық қауіпсіздік кеңестің ұсынысымен елдегі төтенше жағдай тағы 3 айға ұзартылмақ. Төтенше жағдай өткен жылғы әскери төңкерістен кейін жарияланған еді. Ал қазір Ыстамбұлмен өзге де қалаларда референдум қорытындысына қарсы ереуілдер толастамай тұр.

Естеріңізге сала кетсек, Түркияда конституцияға өзгеріс енгізу туралы референдум жексенбі күні өтті. Нәтижесінде оны қолдағандар 51,5 пайызбен жеңіске жетті. Енді Түркия билігі парламенттік басқарудан президенттік басқару жүйесіне өтеді. 

Сириядағы Хама провинциясының Суран қаласы содырлардан азат етіліп, бақылауға алынды. Сирия әскері көрші жатқан Тель-Бзем, Аль-Мақатиб елді мекендеріндегі террористік топ өкілдерін қанжоса қылды. Барлығы 30 содырдың көзі жойылған. Сарбаздар Тайбат Аль-Имам қаласына шабуылды жалғастыруда. Бір ай бұрын бұл аумақты ымыраласу режимін бұзған қарулы оппозиция басып алған болатын. Айта кетейік, ҚР СІМ Сирияның Алеппо қаласы маңында болған терактілерді қатаң түрде айыптайтынын мәлімдеді.

Источник: khabar.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!